Шығыс Қазақстан облысындағы Николаев кен байыту фабрикасы алдағы уақытта өз өнімдері көлемін 30 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл, кен байыту орнында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жүзеге аспақ.
Шығыс Қазақстан облысындағы Николаев кен байыту фабрикасы алдағы уақытта өз өнімдері көлемін 30 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл, кен байыту орнында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жүзеге аспақ.
Атап айтар болсақ, фабрикаға жаңа үгіткіш құралдар орнатылып, флотация паркі мен өлшемдік аумақтардың барлығы бүтіндей жаңартылатын болады. Дәл қазір жаңғырту жұмыстарын жүргізумен 500-ге тарта құрылысшы және құрастырушы мамандар айналысуда.
– Бүгінгі күні жаңғырту жұмыстары қатты қарқынмен жүріп жатыр десем артық айтпаймын. Бас корпустың өзінде жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Біз, әрине, болашақта көздеген мүддеге жетсек дейміз ғой. Егер біздің кен байытуымыз бұрын жылына 1 млн. 800 мың тонна болса, енді, дәл осы жаңғырту көмегімен 2 млн. 200 мың тонна болады. Яғни мыс, мырыш, қорғасын концентраттарының көлемі ұлғаяды, – дейді Николаев кен байыту фабрикасының бас инженері Олжас Төлеутаев.
Айта кету керек, құрылғылар тек қана жаңартылып қойылмай, олар мейлінше автоматты жүйеге енгізілмек. Бұл – фабрикадағы жұмысшылардың ауыр еңбегін сәл де болса жеңілдетіп, олардың келер күнге деген сенімін арттырады. Өйткені, өндірістің бір орында тұрып қалуы әлбетте жұмысшылардың көңіліне қорқыныш ұялатады. Ал жаңа құрал алып, заман ағымына лайықталып жатқан жұмыс орнының қашан да болашағы бар деген сөз.
– Жаңа құралдардың келуі өндірісті қарқындатады. Жұмыс жақсы жүрсе біздің еңбегіміз жемісті болады. Оның үстіне біз білгенімізді арттырып, осы жаңа құралдарды игерудеміз» – дейді фабрикадағы жас жұмысшылардың бірі Ермек Қаматаев.
Әзірге фабриканың бірінші секциясында жұмыс толық аяқталып, ондағы жұмысшылар жаңғыртылған жабдықтарды басқаруда. Енді, екінші секция жаңғыртудан өткен соң өндіріс орны толыққанды қызметке кірісіп, жұмысын еселейтін болады. Ескеретін бір жайт, заманауи құралдар стандартқа сай болуымен қатар, қауіпсіздік техникасын сақтауымен де ерекшеленеді.
– Біз бұл жаңғыртуды көптен бері күтіп жүр едік. Жұмыстың жүргені, құралдың жаңарғаны кімге жаман болсын? Ертең сапалы металл алып, ел экономикасына үлес қоссақ, біз соны мақтан тұтамыз, – дейді осы жердегі әйелдер қауымының өкілі Дешевик Гуляева. Осылайша, фабрика ұжымы алдағы уақытта жоспарлық көрсеткішті арттырмақ.
Айта кету керек, Николаев кен байыту фабрикасы әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі – «Қазақмыс» корпорациясының құрамына енеді. Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданында орналасқан өндіріс орнының іргетасы осыдан 33 жыл бұрын қаланған. Қазірде мыңдаған адам еңбек етіп жатқан фабрика облыс экономикасының өрлеуіне нақты үлес қосып қана қоймай, үнемі жаңашылдыққа қарай бет бұруда. Бүгінгі жаңғырту жұмыстары фабрика қол жеткізген жетістіктердің тек бірі ғана.
Өндіріс орны Елбасы тапсырмасына сәйкес, индустриялық-инновациялық саясатты жүзеге асыру жұмыстарын мұнымен тоқтатпақ емес. Өйткені, бәсекеге қабілетті, төрт аяғынан тік тұрған өндірістің алдағы уақытта көздеген мақсаттары биік. Фабриканың бас инженері Олжас Төлеутаевтың айтуынша, алдағы уақытта бұл жерде кеннен алтын айыратын секция ашу жоспарлануда. Дәл қазір жаңғырту жұмыстарымен қатар, осы жаңа секцияны іске қосуға дайындық қадамдары жасалуда. Ендеше, мыс, мырыш, қорғасын концентраттарын алатын фабрикада болашақта әлі де жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңғыртудың сан түрі жүргізіледі деген сөз.
Елмейір АХМЕТ.
Шығыс Қазақстан облысы.