Қоғам • 11 Мамыр, 2020

Электрондық еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамыр айының бастапқы күндерінде Электрондық еңбек биржасында еліміздің барлық аймақтарындағы жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны және 75 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған.

Электрондық еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген

Бұл ретте мамандар жұмыс іздеушілердің түйіндемесінің екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайтындығын айтады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының айтуынша, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер санының күрт төмендеуі наурыз айында тіркелген. Мәселен, бос орындар саны 2019 жылдың соңында 68,9 мыңнан 2020 жылдың наурыз айында 34,2 мыңға дейін азайды. Түйіндеме саны ағымдағы жылдың ақпан айында 29 мың болса, наурыз айында 20,1 мыңға дейін төмендеген.

«Бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда, карантиндік шектеулер алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж», - деп түсіндірді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова.

Түйіндемелер саны бойынша сұранысқа ие кәсіптің бірінші үштігіне 2,6 мың - автокөлік жүргізушісі, 2,3 мың – медицина (медбике) қызметкерлері және 2,2 мың – заңгер кірді. Алайда, жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне - патрульдеу инспекторы, күзетші және медициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие мамандықтар (түйіндемелер мен бос орындар арақатынасы бойынша) - заңгер, іс жүргізуші және дене шынықтыру мұғалімі.

Жалпы, жұмыс берушілер тарапына ең үлкен сұранысқа ие мамандар: кәсіби мамандар - 36,6 мың, қызмет көрсету және сату саласының қызметкері – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары – 19,5 мың бос жұмыс орны бар.

Өңірлер бойынша 2020 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ең көп бос жұмыс орындары Қостанай облысында – 17,7 мың. Екінші орында Нұр-Сұлтан – 15,8 мың, үшінші Қарағанды облысы – 10,9 мың. Төртінші орында Алматы – 10,6 мың бос жұмыс орнын ұсынған.

Ең аз бос орындар саны Маңғыстау облысында – 3,1 мың, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – әрқайсысында 3,6 мың бос орындар.

Бірқатар облыстарда жұмыс іздеушілер саны ұсынылған бос жұмыс орындарынан  артық. Мысалы, Түркістан облысында жұмыс іздеушілердің саны – 8,9 мың, Маңғыстау облысында – 6,9 мың, Қызылорда облысында – 6,5 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл өңірлерде жұмысқа сұраныс ұсыныстан асып түседі. Маңғыстау облысында 100 бос орынға 219 резюме, Қызылорда облысында – 182 резюме, Түркістан қаласында – 112 резюме, Алматы облысында – 105 резюме. Ал, кейбір облыстарда керісінше бос жұмыс орындары жетерлік, бірақ жұмыс іздеушілердің саны аз. Қостанай облысында 100 бос орынға 16 резюме, Нұр-Сұлтанда – 26 резюме, Алматы – 27 резюме.

Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖЖК) және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы жылы жұмыспен шамамен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарлануда. Жол картасы аясында 2020 жылы 1265 жобаны іске асыру басталды, онда 17 мың жұмыс орны құрылды, 10,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Жалпы, Жұмыспен қамту жол картасы аясында 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, Жол картасы жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.

Жұмыспен қамту жол картасы инфрақұрылымдық жобалары 4 негізгі бағыт бойынша іске асырылады:

-әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта құру және салу (2 703 жоба);

-тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (1 039 жоба);

-күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту, инженерлік-көліктік инфрақұрылым құрылысы (1 799 жоба);

- елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).