Өткен бейсенбі күні Алматы облысының өнер майталмандары мен жұртшылық өкілдері Алматы қаласына келді. Меймандарды алматылықтар ыстық ықыласпен, қарсы алды. Іле-шала Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда облыстың Алматы қаласындағы мәдени күндеріне байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова мәдени күндердің мақсаты туралы айтып берді.
Өткен бейсенбі күні Алматы облысының өнер майталмандары мен жұртшылық өкілдері Алматы қаласына келді. Меймандарды алматылықтар ыстық ықыласпен, қарсы алды. Іле-шала Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда облыстың Алматы қаласындағы мәдени күндеріне байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова мәдени күндердің мақсаты туралы айтып берді.
«Өнерім саған – Жетісу» атты халықтық дәстүрлі өнер және өңірдің экономикалық-әлеуметтік жетістігін дәріптейтін көрмелер де көпшіліктің көңілінен шықты. Халық ісмерлерінің шебер қолымен жасалған күнделікті тұтыну бұйымдары, зергерлік сәндік заттар келушілердің қызығушылығын туғызды. Мемлекеттік филармонияда мәдени күндердің ашылуына арналған мерекелік концерт Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің даңқты композитордың «Тамаша» толғауымен басталды.
– Алматы қаласы жұртшылығының жетісулық өнерпаздарды ыстық ықыласпен қарсы алуы бізді шабыттандырып, қолтығымыздан демеп жібергендей болды. Өнер дарыған Алматының қонақтарға деген ниетінің ерекше екенін бұрыннан жақсы білетінмін. Бір өзеннің қос қапталында бір-бірімізге демеу болып, жақын араласып жатқан жағдайымыз бар. Елбасымыз әлемдегі өркениетті елу елдің қатарына қосылуымыз үшін әрбір қазақстандықтың үлес қосуы қажеттігін бостан-босқа айтып жүрген жоқ. Алматы облысының бұрыннан еліміздің көшбасында келе жатқанын ешкім жоққа шығармаса керек. Біздің әрқайсымыз еңбекте, қызметте, өнерде болсын, тәуелсіз еліміздің мерейін көтеру үшін қажыр-қайратымызды, білім-қабілетімізді, шалқар шабытымызды жұмсауымыз керек, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов.
Алматы облысының өнерпаздары Алматыға Жетісу жерінің жомарттығы мен бай өнер мұрасының інжу-маржандарын тарту еткелі келді. «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен облыстық филармонияның «Бигбенд» оркестрі, одан бөлек Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының қыз-жігіттері де үлкен өнер бағдарламасын көрсетті. Алматы қаласындағы мәдени күндері шеңберінде Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында бір топ жетісулық ақын-жазушылар оқырмандармен жүздесіп, өздерінің шығармашылық жоспарлары туралы әңгімелеп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Осы шараға байланысты жетісулық өнер иелері мен жұртшылық өкілдерін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қабылдап, алғыс айтты.
Алматыға келген жетісулық меймандар қаланың көрікті жерлері мен әсем табиғатын тамашалады. Жалпы алғанда, облыс пен Алматы қаласы тұрғындарының барыс-келіс, өзара қарым-қатынасы осы мәдени күндермен шектеліп қалмайды. Алдағы кезде де өзара байланыс одан әрі жалғаса бермек.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.