Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі халықаралық «Киношок-2013» кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Аталмыш картинаның бұл фестивальдегі жүлдесі мұнымен шектелмейді. Онда ойнаған актер Ерболат Тоғызақов үздік ер адамның рөлі номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

Кинофестиваль 15-22 қыркүйек күндері Ресейдің Анапа қаласында өтті. Оған Латвия, Литва және Эстония сынды елдердің таңдаулы кинотуындылары қатыстырылды. Солардың арасынан үздік режиссер аталымы «Бұл мен емеспін» деп аталатын лентаны қоюшы Мария Саакянға берілді. Осы фильмнің операторы Мко Малхасян өз саласында озып шықты. Эстонияның «Тірі суреттер» атты картинасы «Үздік сценарий» және «Үздік әйел рөлі» номинацияларына қол жеткізді. Ал қырғыз режиссері Темір Бірназаровтың «Құмарлық» фильмі «Кинодағы азаматтық және эстетикалық позицияның батылдығы үшін» арнайы сыйлығын иеленді.
Енді «Шал» фильмі жөнінде бірер сөз. Ол америкалық танымал жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаятының желісі негізінде, қазақ тұрмысына бейімделіп түсірілген. Оның оқиғасы қазіргі заманғы Қазақстанның ауылдық жерінде өтеді. Бас кейіпкер ретінде көрінетін қария далада қой жайып жүріп адасады. Ауылға баратын жол табамын деп жүріп, бірнеше рет қасқырлардың үйіріне тап болады. Осы кезде шалдың немересі оны іздеп, жолға шығады...
Фильмнің тұсаукесері 2012 жылғы 11 қазанда өткізілді. Былтыр ол Алматыда өткен «Жыл таңдауы» фестивалінде «Жыл фильмі» атанды. Сол сияқты Қазақстанда жылдың үздік фильмі ретінде «Құлагер» сыйлығын алған болатын.
Мұрат АЙТҚОЖА.