Аймақтар • 11 Мамыр, 2020

БҚО: «Теңізшевройлдан» келген 43 жұмысшы ауырған

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал бақылауда, деп хабарлайды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

БҚО: «Теңізшевройлдан» келген 43 жұмысшы ауырған

11 мамырға дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында коронавирус инфекциясымен ауырған 252 адам тіркелген екен. Оның 80,3%-ы, яғни 203 адам індетті басқа жақтан жұқтырып келген. Таратып айтсақ, Ресей Федерациясынан – 158 адам, Германиядан – 1, Атырау облысынан – 44 адам ауырып келген. Соның ішінде 43 адам – «Теңізшевройл» компаниясының жұмысшылары. Сондай-ақ транзиттік жүк тасымалдалымен айналысатын жүргізушілер арасынан Өзбекстан Республикасының – 4, Тәжікстанның – 2, Қырғызтанның – 1 азаматы індет жұқтырып, Оралдағы жұқпалыаурулар ауруханасында емделіп шықты.

Бұдан бөлек, жоғарыдағы науқастармен қарым-қатынаста болып, індет жұқтырған батысқазақстандықтардың саны – 49 болған. Мұның басым көпшілігі, яғни 41-і – медицина қызметкері. Облыста 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 38,4 құраған.

- Бүгінгі таңда «Теңізшевройл» компаниясынан облысымызға 2050 азамат келді. Қазір 1195 адам үй жағдайында оқшауланған, оларға дәрігерлер күн сайын қоңырау шалып, хал-жағдайын біліп отыр. 561 адамда инкубациялық кезең аяқталды, - дейді Нұрлыбек Мұстаев.

Бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында індеттен 96 адам жазылып шықты. Олар ауруханадан шыққан соң тағы 14 күн бойы үй оқшаулауында, медициналық қызметкерлердің бақылауында болады.

 

Батыс Қазақстан