Аймақтар • 11 Мамыр, 2020

Түркістан: 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған қойма бейнебақылауға алынды

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданына еліміздің барлық өңірлерінен гуманитарлық көмектер келуде. Мысалы, бүгін Атырау облысынан 160 тонна азық-түлік пен жатын орынға арналған керек-жарақтар тиелген гуманитарлық жүк керуені келіп жетті. Одан бөлек, атыраулықтар облыстық қорға 15 млн теңге көлемінде қаржылай көмек аударды. Сондай-ақ күні кеше қоймаға Павлодар облысынан 20 тонна азық түлік пен 15 тонна киім-кешек және гигиеналық заттар жеткізілген.

Түркістан: 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған қойма бейнебақылауға алынды

Бұл көмектердің барлығы су басқан елді мекендерге көмек көрсету мақсатында мамыр айының 3-нен  бастап құрылған қоймада сақталуда. Мұнда соңғы бір аптада 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған.  Атап айтсақ,  97 тонна ұн,  2,5 тонна ет, 95 тонна дәнді-дақыл,  61 тонна көкөніс,  6 тонна консервілік заттар, 26 тонна сұйық май, 65 тонна арнайы дайындалған азық-түлік себеттері, киім-кешектер мен гигиеналық заттар қабылданған. Соның бүгінде 100 тоннаға жуығы Мақтаарал ауданындағы 11 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ туған-туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға да азық-түліктер жүйеленген тәртіппен таратылуда.

6

Осыншама азық-түліктің ысырапсыз таралуы мен  себепсіз үлестіруіне жол бермеу, ел аманатына қиянат жасау жайттарын болдырмау мақсатында Атакент кентіндегі облыстық орталықтандырылған қоймаға бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Қоймада сақталған заттардың кімге, қашан берілгенін нақтылап отыру да маңызды. Түркістан облыстық Nur Otan партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың  айтуынша, қоймада орнатылған 4  бейнекамера екі жүк қабылдау есігі мен ішкі шыға беріс жағына орналастырылуда. Яғни, қоймаға әрбір келген және кеткен жүк көліктері таспаланатын болады. Бірнеше бейнекамера орталықтандырылған бір компьютерге жалғанып, басқарылады.