2013 жылғы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірден озды.

2013 жылғы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірден озды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектептен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.
1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.
Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ ССР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.
Бар саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған ірі әскери қайраткер халқының шынайы зиялысы, қадірменді ақсақалы болды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің жарқын бейнесі барлық қазақстандықтардың жүрегінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.
БАТЫР
Ешқашан батырмын деп жар салмаған,
Адам жоқ Сағадатқа таңғалмаған.
Көзін жұмды қазақтың батыр ұлы,
Кеңсесін Гитлердің талқандаған.
Сарбаздар ұмтылып өр шешімімен,
Күн туды жаудың үні өшірілген.
Рақымжан Рейхстагқа ту тіккенде,
Сағадат кірді атойлап есігінен.
Ер еді асыл, бекзат, зиялы, адал,
Қалайша оны өлімге қияды адам.
Жасынан жауға шапқан қайсар еді,
Батырлық даналықпен ұялаған.
Елбасын сын сағатта қолдағанда,
Тағы да басты берік оң қадамға.
Қорғаныс министрі болды алғаш,
Еліме тәуелсіздік орнағанда.
Берсе де Алла сонша құзарт күшті,
Сұм ажал әкетем деп ұзақ қысты.
Сарыарқа саңлағынан айырылды,
Алатау бір жартасы құлап түсті.
Қимайды оны өлімге көңіл деген,
Отырмын мұң бөлісіп елімменен.
Алды жарық, иманы серік болс ын,
Осы екен ғой опасыз өлім деген.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.
БІЗДЕРГЕ ҮЛГІ БОЛА БІЛДІ
Сағадат Қожахметұлы Кеңес Одағына да, одан кейін тәуелсіздігін алған елімізге де адал перзенттік парызын өтеген абзал азамат еді. Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы атақтарының берілуі осы сөзіміздің айқын айғағы. Елбасы Жарлығымен тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі болып тағайындалуында да үлкен мән бар. Өйткені, оның өмірлік мол тәжірибесі әскери қайраткерлігімен ұштасып жатқан-тын.
С.Нұрмағамбетов – тәуелсіз еліміз әскерінің іргетасын қалағандардың бірі. Елбасы – Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшымен бірге тәуелсіз елдің әскерін құрысуға көп еңбек сіңірді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде әскери мамандар жетіспей жатты. Міне, сол шақтан бастап көптеген жас офицерлерді әскери машыққа баулу жолында көп тер төкті. Солардың арасында генерал атанғандары да қаншама.
Сағадат аға жастарға ғана емес, аға буын – біздерге де үлгі-өнеге бола білді. 1942 жылы әскер қатарына шақырылған ол неміс-фашистеріне қарсы 1-Белорусь, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысты, басынан көптеген қиындықтар өткерді. Соған қарамастан, ешқашан дауыс көтермейтін. Қандай жағдайда да байсалды әрі ұстамды қалпынан бір танған емес.
Бақилық сапарға аттанған Сағадат Нұрмағамбетовтің жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады. Отбасына, туған-туысқандарына шын жүректен шыққан көңілімді білдіре отырып, ағамыздың жатқан жері жәннат болсын дегім келеді.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
бұрынғы Қорғаныс министрі.
БАҚҰЛ БОЛ, БАТЫР АҒА
Сағадат ағамыз 22 жасында қан кешкен алапат соғысқа қатысып, батыр атағын алып, жауды Берлинге дейін түре қуып, фашистердің ордасын талқандаған батыр еді. Одан кейін әскери қызметке көп еңбек сіңіріп, сонау Кеңес Одағы кезінде генерал-лейтенант атағын алған.
Бұл кісінің ерекше еңбегі – еліміз егемен болып, Тәуелсіздіктің туын тіктеген тұста мемлекеттіліктің бір тірегі Қарулы Күштердің қалыптасуы мен нығаюына белсене қатысып, 73 жасында жас жігіттей жұлқына ұмтылып отандық әскер құрудың жұмысына көп еңбек етті.
Ол уақытта мен Президент аппаратының Қорғаныс бөлімінде меңгеруші болып қызмет еттім. Сонда Сағадат ағамның маған айтқаны: «Ким інім, маңайыңа жақсы жігіттерді жинап, қорғаныс ісінің келешегі болуы үшін және әскеріміз мығым болуы үшін қажетті құжаттарды жаз. Бізге әскери доктрина керек. Мен әскери практика жөнінен жұмыстанайын, сен әскери теория барысын бекемде. Сөйтіп, еліміздің қорғанысын нығайтайық», деген еді.
Ол кісінің халыққа белгілі мінезі – өте байсалды, ұстамды, әр сөзін ойлап сөйлейтін ақылмандығы болатын. Халқының алдында аса абыройлы еді. Еліміз егемендігін нақтылай түскен тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына жасаған қызметін ескере отырып Сағадат ағамызға Халық Қаһарманы деген атақты және сол атқа лайық нөмірі бірінші куәлікті табыс етті. Бұл дегеніңіз батырға құрмет, елін сүйген ерге құрмет, еңбегі артқан азаматқа құрмет!
Сағадат аға көп жастарға үлгі болды, көптеген шәкірттерін генерал атағына жеткізді. Ол кісі қашанда өзінен кейінгі буынға «Сендер жассыңдар, қашанда бір шешім қабылдар болсаңдар елімнің ертеңіне себі тиеді деп ойланып барып шешім етіңдер. Еліміздің келешегі сендердің қолдарыңда, ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер», деп ағалық, әкелік ақылын айтып отырушы еді.
Жуырда ғана Президент орталығының ауруханасында жатқанында бір топ інілері алдына келіп, денсаулығын сұрап, інілік ізетпен қамқор көңілімізді білдіріп шыққан едік. Денсаулығыңызды күтіңіз, халқыңызға сіз керексіз деп кішілік көрсеткен едік. Міне, бүгін ел болып есіл ер үшін қайғы жұтып отырмыз.
Алдыңыз жарық, артыңыз кеніш болсын, аға! Халқыңыз сізді ешқашан ұмытпайды.
Бақұл бол, батыр аға.
Ким СЕРІКБАЕВ,
полковник, әскери ғылымдар докторы.
ӨРЕСІ БИІК ӨР ТҰЛҒА
Сағадат Қожахметұлының өмірі, келбеті, жүріс-тұрысы, тұрпаты, сөйлеген сөзі, мінез-құлқы, бүкіл болмысы жауынгерліктің, әскери тәртіп пен қалтқысыз қырағылықтың, батылдық пен батырлықтың, әділдік пен тазалықтың, талапшылдық пен жауапкершіліктің, мызғымас орасан отаншылдықтың үлгісі еді.
Жиырмадан жаңа асқан кезінде Отанын қорғау жолындағы