Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Жұмыспен қамту орталықтарының жаңа форматы

894 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында үш айлық оқуды аяқтады. Іс-шараның үйлестірушісі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ, ал оқытуды «Эрнст энд Янг Қазақстан» компаниясы жүргізді.

Жұмыспен қамту орталықтарының  жаңа форматы

Еліміздің барлық аймақтарынан жұмыспен қамту орталықтарының 1500 қызметкері тренингтерге қаты­сып, қашықтан оқудан өтті. Дәрістерде жұ­мыссыздармен жекелей жұмыс істеу әдістері, жұмыссыз азаматтардың тұрақ­­ты жұмысқа орналасқанға дейін көмек көр­сету мәселелері қарас­ты­рыл­ды. Сон­дай-ақ жұмыс іздеген аза­мат­тарды кәсі­би бағдарлау, кәсіби ақ­­параттандыру және кеңес беру әдіс­те­мелеріне ерекше назар аударылды.

Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықты орнату және қолдау тетіктерін, бос жұмыс орын­дары­­ның бейінін қалыптастыру және үміт­кердің жұмыс берушінің талаптарына сәйкестігін бағалау әдістерін зерделеді.

Жұмыспен қамту орталықтары ең­бек нарығындағы жағдай бойынша және өңірлерде еңбек ресурстарын бөлуге қатысты ақпарат көзі болуға тиіс. Осы мақсатта семинарларда ең­бек нарығын қысқа мерзімді болжау және мониторинг жасау әдістері мен алгоритмдері кеңінен оқытылды.

«Жұмыспен қамту қызметін реформалау аясында қазіргі заманғы жұмыс әдістерін тиімді қолдану үшін басшыдан бастап, қатардағы менеджерлерге «жаңа білім мен дағды» қажет. Қызметкерлерді кәсіби даяр­лау мен бағдарлау қажеттілігі, әсіре­се қазір өзгермелі еңбек нарығы жағ­дайында өсті», деп атап өтті «Еңбек ре­сурс­тарын дамыту орталығы» АҚ Жұмыспен қамту қызметін дамыту департаментінің директоры Ирина Рубашина.

Жұмыспен қамту орталықтарының басшылары да қашықтан оқыту форматында орталықтағы өзгерістерді тиімді басқару және түрлі қиындықтардан шығу жолдарын табуға көмектесетін түрлі технологиялар мен құралдарды оқыды. Ал орталықтардың қызмет­керлері дербес іздеу, бағалау, іріктеу, жоғарылату және қайта даярлау әдіс­терін зерттеді.

«Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін даярлау тұрақты не­гіз­де жүргізілуі тиіс, сондықтан оқы­­тудың кешенді жүйесін әзірлеу қажет. Оқыту кәсіби және жеке дағды­лар­ды дамытуға бағытталып, әртүрлі фор­мат­тарда жүр­гізілуі тиіс. Осындай фор­матт­ардың бірі – Жұмыспен қамту орта­­лығы базасында ішкі оқытуларды жүр­гізу»  деп атап өтті Ирина Руба­шина.

Жоба аясында ішкі оқытушыларды даярлау үшін әр облыстан жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері іріктеліп алынды. Болашақ жаттық­тырушылар тренингтерді өткізу жос­парлары мен әдістерін, тыңдаушылар үшін тәжірибелік тапсырмаларды және презентацияларды дайындау, тренингтерге қатысушыларды оқыту үдерісіне белсенді тарту үшін жағдай жасау туралы және тағы басқа базалық білім алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті ат­қарушы органдары халықты жұмыс­пен қамту орталықтары қызметінің «жаңа моделін» кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Жақын болашақта атал­ған орталықтар жұмыспен қам­ту тәуекелдеріне қатысты жедел және бел­сенді әрекет ететін, азамат­тар­дың кәсіби әлеуетін іске асыру­ға жәр­демдесетін және жұмыс беруші­лер­дің кадр ресурстарына қажеттілігін қана­ғаттандыратын заманауи орталық­тар болады.

Еске салсақ, «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Дүниежүзілік банк жүзеге асырады.