Жалпы биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 20,3 млрд теңгеге 95 жоба іске асырылып, 925 адам жұмыспен қамтылады.
Кредиттік немесе жалға берілетін 620 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 13 жобаны іске асыру үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Биылғы І тоқсан қорытындысында әкімдікке 1,1 млрд теңге аударылып, қаражат толық игерілген. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метр болатын 157 жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көп балалы отбасыларға берілетін бұл баспаналардың құрылысына 480 адам жұмысқа тартылады. Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 43 жобаны іске асыру үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Оған 27,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 463 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2%-дық несие беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен облыс әкімдігіне 239 тұрғын үй үшін 2,4 млрд теңге қарыз беру қарастырылып отыр. Облыста тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу мақсатында 39 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 10,3 млрд теңге қарастырылған. Биылғы І тоқсанда ол қаражаттың 2,8 млрд теңгесі аударылып, 2,2 млрд теңгесі игерілді. Аталған жобаларда 445 адам жұмыспен қамтылады.
АТЫРАУ