Экономика • 12 Мамыр, 2020

Дағдарысқа қарсы жаңа «жол картасы»

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыстан қалған қардың көбесі сөгілген тұста төтенше жағдай жарияланып, ерте көктемнің басында-ақ баспанасында бас сауғалауға мәжбүр болған жұрт күн ысып, жаздан хабар келген кезде бір-ақ көшеге шыққан-ды. Мамырдың басында карантин режімі жеңілдетілгенін хабарлап, ұнжырғасы түсе бастаған халықты бір серпілтіп қойған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кеше төтенше жағдай режімі аяқталғанын мәлімдеді.

Дағдарысқа қарсы жаңа «жол картасы»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Төтенше жағдай режімін қамта­масыз ету жөніндегі мем­ле­кеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде Президент дағдарыс әлі толық еңсерілмегенін, бірақ індет­тің шарықтау шегін артта қал­дыр­ғанымызды атап өтті. «Батпандап кірген дерт – мысқалдап шы­ғатыны» мәлім. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ, кейбір ай­мақтарда дерттің таралуы бәсеңдер емес. Пандемия ха­лықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сол себепті карантиндік шектеу шаралары әр өңірдегі жағдайға қарай қабылданатын болды.

Жалпы, індеттен туындаған дағ­дарыс­ты еңсеруге Президент тарапы­нан бірқатар нақты тапсырмалар бері­ліп, тиісінше жүзеге асырылғанын атап өткен ләзім. Ол қандай шаралар? Алды­мен әлеуметке тікелей ба-
ғытталған шараларға тоқталсақ:

4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңгеден қаржылай көмек көрсету қолға алынды;

1 миллионнан астам адамға азық-түлік пен басқа да қажетті заттар үлес­­тірілді;

Коммуналдық төлем тарифі төмен­­детіліп, аса мұқтаж адам­-
дарға тиісінше қаражат ауда­рылды;

2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі шегерілді.

Карантиннен кейінгі өмір­дің де қамын жасау үшін эконо­миканың маңыз­ды салаларына мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынған-ды. Атап айтқанда, қолжетімді несие беруге, көктемгі егіс науқанын уақ­тылы жүр­гізуге, жұмыс орындарын ашу және са­қтауға қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам ком­па­нияның салық жүктемесі төмен­детілді.

ХХ ғасырда «қара алтын» атанған көмірсутегі шикізатынан ХХІ ғасырда дәурен ауғаны соңғы 2-3 айдың көлемінде анық байқалды. Әрине, мұнайдан қуат алуға тәуелді салалар әлі жеткілікті. Дегенмен ел экономикасын энергетикалық секторға байлап қоймай, ауқымды реформа жүргізу қажеттігі анық байқалды. Президент айтқандай, дағдарыстан кейін ол сала «бұрынғыдай болмайды». Алдағы уақытта «жасыл энергетиканы» бетке алу – өмірдің өзі қойып отырған талап.

«Арпа-бидай ас екен» деген аталарымыздан қалған сөзді де санамызда қайта жаңғыртуға дағдарыс себеп болғандай. Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің жалпы қауіпсіздігінің негізі екені айқын сезілді. Бұған қатысты Президент: «...Біз аграршыларға барынша қолдау көрсетуді жал­ғастырамыз», деп қадап айтты. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттырып, бағасын арзандату үшін ауылдарда «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» кооперациялық тізбек құру жобасын қолға алуды тапсырып, ол міндетті «Атамекен» палатасына жүктеді. Келер жылы аграрлық секторда жаңа бағдарлама қабылдануы мүмкін.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жү­зеге асыруға 1 триллион теңге бөлінгені, баспанамен қамтуға бағытталған «5-10-20» жобасына 390 миллиард теңге бағыт­та­латыны елдегі әлеуметтік-эко­номикалық ахуалды жақсарту жолындағы ең басты қадамдар болмақ.

Президент жуық арада ше­ші­луге тиіс өзекті мәселелердің бірі ретінде ұлттық бизнеске қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл орайда «Даму» қоры Ұлттық банк тарапынан берілген несиелерге кепілдік береді. Оның көлемі 600 милиард теңгені құрайды. Яғни банк секторындағы осынша қаражат ел экономикасына бағытталуы тиіс.

55 күнге созылған төтенше жағ­дай, әлемді шарпыған дағ­дарыс медицина, білім беру, әлеу­меттік қорғау салаларының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ендігі уақытта аталған сала­лар уақыт талабына сай бе­йім­деліп, кез келген төтенше жағ­дайға дайын болуы керек.

Президент төтенше жағдай режімін тоқтатқаны қуанышты жаңалық, әрине. Алайда еркінсуге әлі ерте. Бөрікті аспанға атып қуанудың жөні жоқ, себебі  COVID-19 қайта күш алмайтыны­на да кепілдік жоқ. Дүние жүзін шарпыған вирустан толық тазарып, зардабын жою уақыт пен төзімді талап ететіні түсінікті. Қы­рқына шыдаған халық қы­рық біріне де шыдап, Үкімет әзір­леп жатқан жаңа санитарлық ережелерді, карантин шараларын қатаң сақтауы тиіс.