Біз ес біліп, етек жиған кезіміз де ауылымызда «Құдай жақсы апа» дейтін кейуана болды. Жарықтық туысқа тапшы адам еді. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Тұла бойында зәредей паңдығы жоқ, көгершін жүректі жан еді. Қашан көрсең «Құдай жақсы, Құдай жақсы» деп үздіксіз күбірлейді де жүреді. Қазір ойлап отырсам жарықтықтың зікірі екен ғой. Осы сөзіне болса ауыл ол кісіні «Құдай жақсы апа» дейтін.
Соғыс жылдары Құдай жақсы апаның жалғыз ұлын майданға алып кетіпті. Ауыл советтің бастығы ақсақ Мүкән дейтін адам «біреудің жалғыз ұлы еді, өзі хат-шот та танымайды, орысша білмейді...» деп қанша ара түскенімен ауданнан келген комиссар «ондай болса оның орнына өзің жүр» деген соң үні өшкен. Сөйтіп ауыл шетіндегі бұйра құмнан асып көрмеген жігітті соғысқа әкеткен.
Елдің үлкендері жиналып келіп кейуанаға көңіл айтпай ма «Апа, жалғыз ұлың жауға кетті, ендігі күнің не болар екен...» деп. Сонда апамыз «Құдай жақсы емес пе, ұлым аман-есен оралады, жақсы Құдай мені неге жалғыз қалдырсын, Құдай жақсы, Құдай жақсы...» деп күбірлеп отыра берген. Ақсақалдар басын шайқап кері қайтқан.
Айтқандай, арада жыл өтпей жатып, яғни соғыс бітпей жатып апаның ұлы ошағына аман-есен оралған. Майданға кірген бетте жараланған оны дәрігерлер «соғысқа жарамайды, тылға қайтарылсын» анықтама беріп санчастан шығарған да, оң мен солын ажыратпайтын бейбақты бір санитарка жетектеп алып сонау майдан даласынан ауылға әкеліп, селсоветке тапсырып «қабылдап алдым» деген қағазға қол қойдырып кері қайтқан.
Ел-жұрт «Ойпырым-ай, жердің жыртығын жамап, жыланның аяғын көрген не бір атпал азаматтар қаза тауып, қаптап қара қағаз келгенде, оң мен солын ажыратайтын кемпірдің мына баласы майданнан қалай аман оралды» деп қайран.
Бірақ адамдар Құдай жақсы апаның күндіз-түні айтатын зікірі мен Жаратушыға арнап жасаған шынайы дұғасының арқасында ұлы майданнан аман оралғанын қайдан білсін. Ерекең әңгімесін осылай деп аяқтады.
Біздің айтпағымыз жоғарыдағы оқиғада үлкен хикмет бар. Алла Тағала Құранның «Бақара» сүресі, 152-аятында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар» дейді. Яғни, Жаратушы өзін үздіксіз зікір еткен мүмінді жарылқайды. Соның бір дәлелі – Құдай жақсы апаның зікірі.