Біздің алға тартпақ әңгімеміз құпиясының бет пердесі талай ашылып, біраз беймәлім сырлары мағлұм болғанымен «Ескіні еске алмай, жаңа жадына түспейді» дегендей тағы бір оралып соғуды ойланған еді. Тарихында небір кесепат-қиындықтарды бастан кешкен халқымыздың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қайғы-қасіреті солардың бәрінен асып түспесе кем еместігін қалай ұмыта аларсыз. Жантүршігерлік нәубет беті аулақ болғанда қандайлық деңгейге теңесетіндігіміз қалай көңіл сыздатпас. Бұл белгілі оқиға болса, төменде баяндағалы отырған жайда зұлымдықтың ордасы аты-шулы Карлагтың тұрғылықты ел басына қара бұлт үйірген әрекетін көрсетуге талпынбақпыз. Кіндік қаны тамған өз жерінде өскен, өз топырағында жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, кешегі алаңсыз тіршілік қызығына бөленген өңір қойын-қойнауларында тартылған тікенек сым қоршауына қамалған мыңдаған қазақтың 600-ге жуығы атылған екен. Арасында Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов және Абдолла Асылбеков сынды аяулы азаматтардың ешкімге қиянаты жоқ, ештеңеден бейхабар 70-тегі кәрі әкелері Сейфолла, Сәдуақас, Әбдірахман қарттардан бастап, қылшылдаған жастағы ел жайсаңдарының оққа ұшқан тізімін оқығанда арыстардың ауыр тағдырына күрсінесің.
Біздің алға тартпақ әңгімеміз құпиясының бет пердесі талай ашылып, біраз беймәлім сырлары мағлұм болғанымен «Ескіні еске алмай, жаңа жадына түспейді» дегендей тағы бір оралып соғуды ойланған еді. Тарихында небір кесепат-қиындықтарды бастан кешкен халқымыздың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қайғы-қасіреті солардың бәрінен асып түспесе кем еместігін қалай ұмыта аларсыз. Жантүршігерлік нәубет беті аулақ болғанда қандайлық деңгейге теңесетіндігіміз қалай көңіл сыздатпас. Бұл белгілі оқиға болса, төменде баяндағалы отырған жайда зұлымдықтың ордасы аты-шулы Карлагтың тұрғылықты ел басына қара бұлт үйірген әрекетін көрсетуге талпынбақпыз. Кіндік қаны тамған өз жерінде өскен, өз топырағында жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, кешегі алаңсыз тіршілік қызығына бөленген өңір қойын-қойнауларында тартылған тікенек сым қоршауына қамалған мыңдаған қазақтың 600-ге жуығы атылған екен. Арасында Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов және Абдолла Асылбеков сынды аяулы азаматтардың ешкімге қиянаты жоқ, ештеңеден бейхабар 70-тегі кәрі әкелері Сейфолла, Сәдуақас, Әбдірахман қарттардан бастап, қылшылдаған жастағы ел жайсаңдарының оққа ұшқан тізімін оқығанда арыстардың ауыр тағдырына күрсінесің.
Алдымен Карлаг деген не? Жалпы, редакциясын заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков басқарып, «Болашақ» университеті дайындаған «КСРО ІІМ Степной» лагері тарихының очерктері» атты кітаптағы қазақ даласында кенеттен пайда болған лагерьдің 1930 жылы құрылып, арадағы он жылда Кеңес одағының түкпір-түкпірінен айдалып әкелінген тұтқындар саны 35 мыңға жетуі, одан кейін 100 мың адамға тарта ұлғаюы туралы дерекке сүйенсек, ертегілердегі жалмауыз жеті басты айдаһар патшалығы елес бермей тұрмайды. Бұл да аузынан жалын шашқан заңы бар, тәртібі бөлек, сырт жаққа бағынышсыз, не істегісі келсе соны істеген орта болған. Сол кезде бүгіні бар, ертеңі бұлдыр еркіндікпен өмір сүруші жергілікті тұрғындарының өзі 400 мыңнан аса қоймағандығын еске алған тұста аймақтың нағыз далалық түрмеге айналғанын елестету қиын емес. Бір шеті Балқаштан Жезқазғанға, Қарағандыдан Ақмолаға дейін созылған ұлан-ғайыр өлке әйгілі ГУЛАГ құрамындағы ең үлкен және үрей ұшырарлық ерекше лагерьлерге толы болды. Оның алғашқы тұтқындарын да негізінен қазақтар құрағандығы мәлім .
Қуғын-сүргінге ұшыраған жандарды ату жазасына кесу апаты 37-38-жылдары шегіне жетсе, ал бастапқы нәубеті де қандастарымызға жазыпты. Осы қайғылы тақырыпты терең зерттеп, талдап « Қанды 37» атты кітап арнаған жергілікті журналист Екатерина Кузнецованың жазуынша облыс бойынша 30-жылы 30 қазақ атылған. Аяқ астынан ажал аузына тап болушылар туралы келте мәліметтерге зер салсаңыз, ауылдың қарапайым, сауат ашпаған, күнделікті тіршілік қамын күйбең еткен 30-60 жас шамасындағылар өмірі өшкені аңғарылады. Алдында ел ішінің әлеуетті әулеттері тәркілеуге ұшырап, талауға түсуімен шектелмей, зорлық-зомбылықтың зораюы енді кедей-кепшіктерге жалғасқан сияқты. Үштіктің үкімімен ату тырнағына іліккендердің дені малшылар болыпты. Бәрін тізе алмаспыз, мәселен, Қ арқаралы округінен Мұқамедия Ахметов, Қоңыраттан, Шеттен Қуатбек Нұрмағамбетов, Мұқаш Нұрқанов, Тәжібай Тоқырауыновтар, сірә, барынан айырылып, жер аударылғандар болуы керек ақтөбеліктер Қапаш Жайықов, Сапа Мосуев, абралылықтар Мұхамеджан Төлебаев, Шайхы Түсіпов, ақмолалық Мақсым Жангереев кінәләрі не екені белгісіз күлдібадам күйінде оққа байланған. Өзі де он жыл бойы солтүстік Орал қиырындағы тағы бір тас қапас Ивдельлагтың қанды шеңгелінен көп азап шеккен қайсар қаламгер марқұм Жайық Бектұров «Таңба» хикаятында «Кейбіреулер, әсіресе, әліпті таяқ деп білмейтін қараңғылар қайдан келіп, қайдан қойғанын түсінбейді. Әлемнің күллісіне ортақ жарқыраған жалғыз күннің қай жақтан шығып, қай тұстан бататынын білмейді. Міне, жасында жетім болып, жоқшылық көріп өскен Әбдірахман Мұздыбаев жұдырықтай күйкі адам. Таңырқаса да, қорықса да екі сөзінің бірінде «Ой, Алла-ай!» деп жағасын ұстап отырады» деп жазатындай озбырлық алдымен оң-солын танымаушыларды аямапты.
Үміт күткен жаңа өкіметтің үш ұйықтаса түске кірмес дүрбелеңі жұртты сескендіріп, әуелде сенгісіз, содан соң жаға ұстатқан ұстап әкетті, атып тастады оқиғалары 1931 жылы одан сайын өршіп, із-түссіз ғайып болушылар 100-ден асып түскен. Бұл жолы да барлығы азын-аулақ малын тірнек етушілер, саясатқа да, лауазымды қызметтерге де араласы жоқ жандар болуын, оның еленбеуін қайтерсіз. Коммунистер партиясы еңбеккерлердің қорғаушысы, солардың жоғын жоқтаушы деп жар салынып жатқан уақытта жойылғаны жойылып, басқа соқтығар ешкім қалмаған шығар, кешегі дәріптелуші тапқа бас салынуы елдің қаны мен жаны ауылды әлсіретудің әдейі әрекеті болмады ма екен деп қайтіп айта алмассыз. Осындай аласапыран шақ ашаршылыққа барып ұласқанда ғана сәл-пәл тыйылыпты. «Әзірейіл барда, жаным бар деме, әуеде бұлт барда, малым бар деме» дейтін халық одан да өтіп, әл, ес жия бастағанда лагерьге тағы топырлатып, көзге түсушілерді жөн-жосықсыз ату 37-жылы оралып соғуы лагерьлердегі қазақтарды қайта қансыратады. Бұлай демеске, мынадай дерек бұлтартпайды. Карлагта атылған 3026 адамның 588-і біздің нәсіл екені, яғни басқа сан ұлтты тағдырластарымен салыстырғанда, құрам жағынан аздау болғанмен, оққа ұшқандардың әрбір бесіншісі болуы бұл сойқанның кімнің басына көп түскені белгілі болды.
Алдымен үбірлі-шүбірлі, бала-шағасын, ауылын асыраушы бас көтерерлерге қырғидай шүйлігіп, қояндай қырған карлагшылар із суытпай ислам дінін қастер тұтушыларды, аят оқитындарды, ораза ұстайтындарды, молдалық, тәуіптік қасиеттерімен белгілі болғандарды, Меккеге барып қажы атанғандарды, тіпті ескі хиссаларды айтатындарды шетінен қойдай қамап, топ-тобымен тікенек сым тозағына айдады. Аймаққа танымал өлкетанушы Ібірахым Ісләмұлының зерттеуінше жер-жерден 100-ден астам діни иелері қамалады. Көбінің өмірі ұзаққа бармайды. Қарқаралы, Жаңаарқа жағының сыйлы молдалары, алпыстан асқан абыз ақсақалдар Әмин Базылбаев, Арыстанбек Манабаев, Степняк қаласының имамы Қалиәкпар Айтқожин, көкшетаулық атақты Науан хазіреттің діндар күйеу баласы Қалиасқар інісі Сабырханмен бірге ату жазасына кесілгені жайлы ақпар бар. Карлагтың «Мәңгі сақталсын» деп таңбаланған папкаларын ашсаңыз, дін жолын ұстаушыларға осындай үкім шығарылып, қайғылы қазаға ұшырағандардың 50-ден асатындығын білесіз.
Сарыарқаның ең шұрайлы жерлерін, көбіне өзен-көл, орман-тоғай маңын таңдаған Карлаг жендеттері тірілермен айқасып қоймай, елге қасиетті, атақ-абыройы ұмытылмаған адамдардың қоныстарын таптап, зираттарын бұзып, қорлап баққандығын айта кетпеске болмайды. Мысал үшін, Сарысу өзені бойындағы тұрғылықты жұрт тәу етіп жүрген Қара деген белгілі кісінің, Жидебай батырдың үрім-бұтағы Сыздықтың қыл араластырыла құйылған кірпіштен қаланған бейіттерін мал қамайтын қораға айналдырған. Олардың ұрпақтарының құлақтарына алтын сырға, діни берік сенімдері үшін қатыгез жүйенің құрбаны болғандардың толық тізімін Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайынан көруге болады.
Осы арада айта түссек, ел ішін зар илеткен дүрбелең зұлымдығы мұнымен шектелмейді. Кім біледі, күні бұрын ойластырылды ма, әуелі орташа шаруалар маңдайалдыларын, сосын дін өкілдерін жаппай қуғындап, атуға бұйырылғанын атып, үлкен екі науқанды атқарған карлагшылар енді үшінші кезектегі іске кіріседі. Жанымыз түршігетін 37-жылдың қырғынын бастайды. Бұл жолы «халық жауы» деген зобалаңға қосақталған елдің оқыған білімді, белсенді, қызметі көрнекті азаматтарына ауыз арандай ашылады.
Мұрағаттық құжаттарға қарап отырсаңыз жан с ыздайды. Әдейі таңдап алынып, өмірі әдейі қиылғандай өңшең орда бұзар отыздағы, қылшылдаған қырықтағы жанған оттай жігіт төрелері бәрі. Солардың бірі 30 жасында округтік прокурор қызметіне көтерілген ақмолалық Хамза Дәуітовтің қайғылы тағдыры осыдан аз-ақ уақыт бұрын анықталды. Бұған дейін «Бас бостандығынан айырылған жерде асқазан сырқатынан қайтыс болды» деп берілген анықтаманың өтірік екені баласы Есеттің елу жыл бойы ізденуі арқасында ғана белгілі болды. Үштіктің үкімімен, соның ішінде Қарағанды облыстық партия комитетінің жетекшісі Пинхасиктің қатысуымен ату жазасына кесіліпті. Сол шақтағы бір-бірінен айнымайтын, жаттанды айыптау тағылған. Әлде Сәкен Сейфуллиннің келешегінен үлкен үміт еткен сыйлас інісі ретінде жолы үзілдірілді ме деген де ой келеді қазір.
Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы Отарбай Тұржановтың да соңғы өмірі дәл осылай қиылыпты. Алматыдан жұмыс сапарымен келген, қайтып оралысымен жапон және басқа да елдер барлау қызметінің қосарланған тыңшысы-мыс тұрғысында тұтқындалған ішкі сауда комиссариатының жоспарлау-қаржы бөлімінің бастығы Жағыпар Сұлтанбековпен байланысы бар деген айып тағылып, мойындамауына қарамастан алдында 7 жылға сотталып, артынан қайта түртпектеліп ақыры оқтан мерт болған.
Ал бұл уақытта облыстың бір топ басшы қызметкерлеріне «Қарқаралы ісі» қозғалып, облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбековтен бастап 17 адам оққа ілігеді. Қарқаралы педагогикалық техникумының директоры Тәжібай Бұхарбаев, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Қамар Мұқашбаев, жоспарлау комитетінің экономисі Шайхан Мұстафин, комсомол комитетінің екінші хатшысы Әбүйірбек Нұрбеков, жергілікті газеттің жауапты хатшысы Қапан Тұрғамбаев, атқару комитетінің нұсқаушысы Әубәкір Рысымбеков, мұғалім Темірбай Оспановтар ауданның бетке ұстар азаматтары болатын. Бір мезетте осынша арқа сүйерлерінен айырылған Қарқаралы қаусап қалғандай болғандығын айтады.
Апыр-ай десеңізші, Карлагқа қамалып, атылушылар арасында әкелі-балалылар, бір шаңырақтан шыққан ағайындылар да аз болмапты. Егіндібұлақтық Машраповтардың сүттей ұйыған ұясы кенеттен жай түскендей бұзылуы соның бір мысалы. Алпысты алқымдаған қартаң колхозшы Машрап Ахметовтің аяқ астынан не бүлдіргені осы күнге дейін беймәлім, даладан ұсталып кете барады. Жарты жыл өтпей жатып Қу ауданында селолық кеңестің хатшысы болып істейтін үлкен ұлы Нығметолла тұтқындалады. Әкесі мен ағасы атылып кеткенін Қариполла ақсақал бертінде ғана білді. Туған бауырлар Шолдыбаевтар тағдыры да дәл осындай. Алдымен 75 жастағы Иса қарт, аз уақыттан соң 70-тегі інісі Қоспабай, оған ілесе 40-тағы кенжелері Смайыл хабар-ошарсыз кетеді. Үшеуінен ғайыптан ғайып аман қалған жалғыз ұрпақ Зәкіштің баласы Хакімнің қолында сақталған «үштіктің үкімін» оқысаңыз жоқты шындай қылған қаралауға қайран қаласыз. Алды сексенге тақаған қариялар контрреволюцияшыл ұйымдар мүшелері болып шыға келіпті.
Міне, Карлаг делінсе жан түршіктірген, байтақ далада ширек ғасыр бойы ойына келген ойранын салған, бейбіт қанша кәрі-жасты жазықсыздан мерт еткен, әйел, бала-шағаны жетім-жесір қалдырып, халықты адасқан қаздай қаңғытқан қатыгездіктің кейбір қыры мен сыры осындай. Зерттей берсе әлі де талай шындықтың шығары талассыз. Біз жазған бір елесі осы.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.