Видеода балық аулаушылардың вентерь аталатын ау құралымен алтын түстес балық ұстағаны түсірілген. Балықшылар да, әлеуметтік желіні қолданушылар да балықты «алтын жайын» атаған. Шынымен алтын балық па, әлде...
– Біз де бұл видеоны көрдік. Оны Алматыдағы әріптестерімізге жібердік. Бұл альбинос жайын деген тоқтамға келдік. Балықты қандай да бір ауруға ұшыраған деуге болмайды. Өйткені, оның белсенді қимылы бар. Ал су қоймасында уланған болуы мүмкін десек, онда өзге балықтар да түсін өзгертер еді. Осы тұрғыдан айтқанда, балықтың түсін өзгертуіне табиғи ортаның әсері тимеген сияқты, -дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Атырау филилалының директоры Ерболат Қадимов.
Оның пікірінше, бұл альбинос балық болуы мүмкін. Әрине, бұған жайын зерттеу арқылы ғана нақты тұжырым жасалар еді. Алайда, қазір алтын түстес жайын қайда? Суға қайта жіберілді ме, жоқ па? Оны ешкім білмейді.
Тіпті видеоның қайда, қашан түсірілгені анықталған жоқ. Бірақ, онда балықшылардың қазақша, орысша сөздері естіледі. Соған қарағанда, Еділ өзенінің төменгі сағасында, яғни, Ресейдің Астрахан облысында, бәлкім, Атырау облысының Құрманғазы ауданы аумағында түсірілген шығар. Әлде Қиғаш өзенінде ме?