Экономика • 12 Мамыр, 2020

Қандай кәсіпкерлер салықтан босатылады?

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте кәсіпкерлікті қолдау үшін қандай салықтық жеңілдіктер жасалатынын айтты.

Қандай кәсіпкерлер салықтан босатылады?

«Төтенше жағдай кезінде Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдау үшін жедел шаралар қабылдады. Олар бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруды, қосымша салықтық ынталандыруды іске асыруды, бизнесті тексерулерден шектеуді көздейді. Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес бизнесті қолдау үшін бірқатар салықтық шара қабылданды», - деді Мәди Такиев.

Вице-министрдің айтуынша, салықтық жеңілдіктер саудадан бастап туристік бизнеске дейін экономиканың түрлі секторларын қамтиды.

«Жыл соңына дейін сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен спорт объектілері, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілер бойынша мүлік салығынан босату белгіленді. Сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар, нотариустер, адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар осы жылдың 1 қазанына дейін мүлік салығынан босатылды», деді ол.

Сондай-ақ вице-министрдің мәліметінше, жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жылдың соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды.

«Ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын агроөнеркәсіптік кешендегі биологиялық активтерінің импортына қосылған құн салығы салынбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығын төлемейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді. Микро, шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін 29 қызмет түрі бойынша еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылды. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлерге төленетін үстемақы еңбекақы төлеу қорына салынатын барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды», деді ол.