Әлем • 12 Мамыр, 2020

Қытайдың футбол клубы банкротқа ұшырады

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирустың кесірінен көптеген спорттық ұйымдар мен ұжымдардың бұл күндері қаржылық дағдарысты бастарынан кешіріп отырғаны белгілі.

Қытайдың футбол клубы банкротқа ұшырады

Мәселен, Қытайдың «Тяньцзинь Тяньхай» клубы қаржы тапшылығы салдарынан ел чемпионатын жалғастырудан бас тартты. Алдағы күндері олар банкротқа ұшырағанын растайтын құжаттарды құзырлы органдарға табыстауды көздеп отыр. Іргетасы 2006 жылы ғана қаланған айтулы ұжым бірден өзін жақсы қырынан көрсеткен еді. Команданың бас бапкері болып әйгілі италиялық маман Фабио Каннаваро тағайындалса, кезінде осы клубтың сапында бельгиялық Аксель Витсель мен франциялық Антони Модест және соңғы уақытта бразилиялық Алешандре Пато сынды легионерлер өнер көрсетті. 2017 жылы «Тяньцзинь Тяньхай» Қытай чемпионатында үшінші орынды иеленді.

Кейбір дереккөздеріне сенсек, қазіргі кезде «Тяньцзинь Тяньхайдың» жалпы қарызы 150 миллион евроны құраған екен. Жағдайдың байыбына барған ойыншылардың барлығы да өз жалақыларын алудан бас тартқан еді. Бірақ соның өзінде Тяньцзинь қаласының командасын осы қиындықтан құтқарып қалу мүмкін болмады.