Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Карантин кезінде Алматыдағы балабақшалар қалай жұмыс істейді?

1398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда карантин кезінде балабақшалар штабтың талаптарын ескеруі қажеттігі туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

Карантин кезінде Алматыдағы балабақшалар қалай жұмыс істейді?

Онлайн брифинг барысында бас санитар әр балабақшада 50 пайыз ғана бала топталған жағдайда топтарды ашуға рұқсат берілетіндігін жеткізді.  

«Сонда ғана балабақшада ауру таралу мүмкіндігі төмендейді. Балабақшаларға дезинфекциялық санитарлық талаптарды күшейтіп жатырмыз. Әр балабақша 15 минут-1 сағат ішінде желдетілуі тиіс. Ойыншықтарды, есік тұтқаларын 2 рет өңдеу талап етіледі. Балаларға жұмсақ ойыншықтарды беруге тыйым салынады. Балалардың жатын орындарында әр төсектің арасы 1 метр болу керек», - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Барлық балабақшаларға бактерицидті лампа, ауа тазалайтын рецеркулятор орнатуға кеңес берген бас санитарлық дәрігер «Тәрбиешілер мен қызметкерлерге де міндетті түрде қолғап пен маска тағу талап етіледі. Балаларды балабақшаға жүкті әйелдер мен қарт адамдарға әкелуге рұқсат берілмейді. Өйткені, жұқтыру қаупі жоғары. Әр ауданда осы талаптарды қадағалау үшін арнайы топтар құрылады. Бұл үшін әр аудандарда балабақшаларды қабылдаушы арнайы топтар құрылады. Оларға білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық санитарлық мекеме қызметкерлері кіреді. Олар бірлесіп барлық бақшаларды қарап шығады. Тексеру барысында заң бұзушылықтар тіркелсе олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті балабақша жабылады», - деп атап өтті.