Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Мақтааралдық оқушылар «Сарыағаш» емдік – сауықтыру шипажайында демалады

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» КММ-нің ұжымы Мақтаарал ауданында су басқан ауылдардың тұрғындары орналасқан эвакуациялық орталықтарға арнайы келді. Тұрғындарды рухани қолдау және балаларға қуаныш сыйлау мақсатында келген ұжым N5 Мақтаарал мектеп-гимназиясында орналасқан бүлдіршіндерге анимациялық фильмдер көрсетті.

Мақтааралдық оқушылар «Сарыағаш» емдік – сауықтыру шипажайында демалады

Түркістан өңірінде түсірілген тарихи туындылар мен тәрбиелік мәні жоғары мультфильмдер балалардың көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады. Мекеме қызметкерлері барлық эвакуациялық орталықтарға барып, көрсетілімдер жасамақ.

Ал судан зардап шеккен Жеңіс, Нұрлы жол, Жантақсай, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Фирдоуси ауылдарының дәрігерлік есепте тұрған және көпбалалы отбасыдан шыққан  152 оқушы  «Сарыағаш» емдік сауықтыру шипажайына демалысқа аттанды. Бұл игілікті іске Қоғамдық денсаулық басқармасы ұйытқы болып отыр. Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаевтың  айтуынша, санаторийде оқушылар  қашықтан білім алуды жалғастырып, еш кедергісіз оқу жылын аяқтап шығады.

Айта кетейік, су басқан ауылдардағы  5 мектепте 1820 оқушы дәріс алып келген. Сонымен қатар, 425 бүлдіршін 6 балабақшаға баратын. Қазіргі таңда бұл оқушылар мен бүлдіршіндер эвакуациялық орталықтарда орналасып, қашықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Оқушылар жаңа баспаналарына оралғанға дейін еліміздің аумағындағы демалыс-сауықтыру лагерлерінде демалатын болады.

Сондай-ақ оқушылардан бөлек, эвакуацияланған тұрғындардың арасынан 47 зейнеткер мен созылмалы ауруы бар бір топ науқас  «Біркөлік» сауықтыру - оңалту кешеніне демалысқа жіберілді. Алдағы екі аптада олар  ем қабылдайтын болады.

12