Руханият • 13 Мамыр, 2020

Елдік істе еріктілер үлесі көп

541 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасы­мен қолға алынған Волонтер жылы аясын­да аймақта түрлі бағытта то­лым­ды жұмыс бар. Жыл басында «Волон­тер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2020 жылғы 16 қаң­тар­дағы №3 қаулысын іске асыру мақ­сатында аймақтық іс-шаралар жоспары дайындалып, өңірлік сарапшылар кеңесінде талқыланды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан штаб құрылды.

Елдік істе еріктілер үлесі көп

Құрамына жастар, үкіметтік емес ұйым, жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру орындары өкілдері мен қоғам белсенділері, құқық қорғау, төтенше жағдайлар қызметі өкілдері енген штаб отырысы айына 1 мәрте өткізіледі. Об­лыста қазір волонтер қатарындағы жас­тардың саны 10 мыңнан асады. Одан бөлек үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері де волонтерлер бастамасына барынша үлес қосып келеді.

Жылдың алғашқы екі айында атаулы жыл аясындағы шаралар бірнеше бағытта іске асты. Мысалы, «Саулық» бағыты бойынша облыстық жастар денсаулығы орталығында 48 семинар өткізіліп, оған қатысқандардың арасынан 114 волонтер 53 тренинг ұйымдастырды. Облыстық жас­тар денсаулығы орталығындағы еріктілер бүгінде халықаралық Y-Peer  желісіне қосылып, Болгария мен Беларусь елдері мамандарының адам саулығын қорғау бағытындағы оқуларынан өткен.

Сыр волонтерлері жыл басынан әр аптаның сенбі күні төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуде. Биылғы жылу беру маусымында көпбалалы отбасылар тұратын тұрғын үй секторында көмірқышқыл және табиғи газды анықтайтын 3 838 қондырғы сатып алынды. Қазір департамент қызметкерлері мен «Волонтеры Кызылорды» ҚҚ еріктілері  осындай 73 қондырғы орнатты.

«Қауіпсіз қала» рейд-акциясы барысында волонтерлер қатысуымен қала, аудан көшелерінде ашық жатқан құдықтар тексерілді. Еріктілердің ескертуімен мек­тептер айналасындағы ашық жатқан құдықтар қақпақтары жабылды. «Қамқор» бағыты бойынша волонтерлер 22 қарттың үйін тазалап берді, олардың қатарында соғыс және тыл ардагерлері, жалғыз басты қариялар бар.

«Сабақтастық», «Таза әлем», «Үміт», «Білім», «Асыл мұра»  мен «Құқықтық кеңес беру» бағыттарында да ондаған шара өткізіліп, волонтерлер бастамасы ел көңілінен шықты. 

Коронавирус індетіне байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдай режімін сақтауды насихаттау, тәртіптің бақылауын қадағалайтын полиция қыз­меткерлері мен дәрігерлерді қолдау шараларына да волонтерлер қосқан үлес көп. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін облыс көлемінде 136 онлайн шара ұйымдастырылып, Сыр волонтерлері қысылтаяң шақта тұр­ғындарға қол ұшын созды.  Олар облыс көлемінде тұр­ғындарға 41736 дана бет­перде, 10 000-нан астам үнпарақ пен 1000-нан астам ан­тисептикалық құ­рал таратты. Азық-түлік тауарларымен қам­тамасыз етуге де үлес қосып, тосқауыл бекеттерінде жұмыс жасап жатқан медицина, полиция, әскери сала қызметкерлеріне көмек ұйымдастырды. Осы бағытта Жа­лағаш, Шиелі, Арал, Сырдария ауданы еріктілерінің еңбегі ерекше. Облыс волон­терлері арқасында сәуір айында 4466 отбасына азық-түлік таратылып, жомарт жан­­дар 200 медициналық тест алып берді.

Жаңақорған ауданы волонтерлері үшінші жыл қатарынан тұрмысы төмен отбасыларына үй салып беруді жалғастырып келеді.  Қиналғанға қамқор болғандар  көмегімен алғашқы жылы жалғыз басты ана Ақзила Исамаметова баспаналы болса, былтыр жаңа тұрғын үй кілті екінші топ мүгедегі Анар Беласароваға табысталды. Жақында ғана «Жаңарған Жаңақорған жас­тары» волонтерлері көпшілік қолдауымен тағы бір үйдің құрылысын бастады.

Дәл осындай бастама Қазалы ауданында да қолға алынды. Толассыз жауған жаңбырдан ескі баспанасы жарамсыз болып қалған көпбалалы отбасына аудан кәсіпкерлері қаржылай көмек беріп, ерікті жастар үй салуды бастап кетті.

Жастар ресурстық орталықтары ар­қылы волонтерлік негіздегі жұмыстарды қашықтан жүзеге асырудың жоспары түзіліп, көркемсөз оқу видео-байқауы, қашықтан оқытатын «Қолжетімді ағыл­шын» жобасы іске қосылды. Электронды оқу­лық платформалары арқылы «ҰБТ-ға дайындық шеберлік сабақтары», «Ма­тематика онлайн», «Спорт онлайн» жұ­мыстары басталып кетті. Сонымен қатар «Bilim» бағыты бойынша үздік ұстаздар арасынан ерікті түрде онлайн-режімде сабақ беруге келіскен оқытушыларға барлық мүмкіндіктер қарастырылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА