Қазақстан халқы фашистік Германияны күйрете талқандауға зор үлес қосты. Еліміз майданға оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізумен айналысып, талай тауқымет көтерген аймақтардың біріне айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттілікті өтеуге бағытталды.
Қазақстан жауынгерлері барлық майданда ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Олар Брест қамалын қорғауда, Ленинградты қорғау мен жау блокадасын бұзуда, Сталинградты басқыншылардан азат етуде, әсіресе Мәскеу түбіндегі шайқастарда өшпес даңққа бөленді. Жау басып алған елді мекендерді азат ету жолындағы кескілескен ұрыстарда жан аямай шайқасты.
Жеңіске менің әкем Қайырбек Есімтаев да үлес қосты. Ол Қостанай облысының Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданының Кондратьевка селосында 1925 жылғы 15 қазанда дүниеге келді. Меңдіқара педагогикалық училищесін, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін, Целиноград ауылшаруашылық институтының жанындағы Совхоз директорларының институтын тәмамдады.
Азамат ретінде қалыптасуы КСРО-ны құру жолындағы тарихи оқиғалармен біте қайнасып жатты. Оның балалық шағы ашаршылық, адамдардың жұттан жаппай қырылуы секілді азапты кезеңге тап келіп, жаутаңдатқан аштықты да, бүрсеңдеткен аязды да басынан өткерді. Аяусыз қуғын-сүргіннің, күштеп ұжымдастырудың, жер аударудың, жазықсыз жандарды жазалаудың ащы дәмін де аз татпады. Жас баланың зердесінде сол бір қаскөй жылдар таспадағыдай жазылып қалған. Бірақ көрген қиыншылықтар артта қалып, табиғатына тән табандылықпен және батылдығымен ештеңеге мойыған жоқ.
Еңбек жолын соғыс қарсаңында 1940 жылы Кондратьевкадағы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде бастайды. Әйтсе де, әкеме балалардың сауатын ашуды жазбаған екен. Көп ұзамай соғыс басталып, ер-азамат жаппай майданға аттанады.
Сол сәтті әкеміз былай еске алады: «Мен он жеті жасымда майданға аттандым. Қырық екінші жыл еді. Сержанттық мектептен соңғы әскери-техникалық училищені бітіріп те үлгермедік. Курск – Белгород бағытында өте күрделі жағдай қалыптасқан екен. Бізді сонда жіберді. Мен 204-ші атқыштар дивизиясының 657-ші полкінің қатарына қосылдым.
Біздің әскер жаудың Белгород, Смоленск, Витебск бағыттарындағы үздіксіз шабуылдарының бетін қайтара отырып, жанкештілікпен алға ұмтылдық. Қолбасшымыз 204-ші атқыштар дивизиясының командирі, полковник Байдоктың туған жері осы Витебск қаласы екен. Шаһарда оның анасы, әйелі мен екі қызы қалыпты.
Ол бір сағаттық артиллериялық дайындықтан кейін қаланы қайтару үшін майдан қолбасшысы Еременкодан танктер мен өзі қозғалатын зеңбіректер бөлуді сұрады. Соның арқасында он бес шақырым алға жылжыдық. Бірақ 1943 жылғы 7 қарашада қорғанысқа көшуімізге тура келді. Бұл аса бір қантөгісті операция еді. Артиллериялық шабуылдан кейін ұрыс алаңында немістің өртенген танкілерінің қаңқасы мен әскерлерінің мүрдесі қаптап жатты.
Әрине соғыс шығынсыз болмайды. Біз де қимас қарулас достарымыздан айырылдық. Байланысшылар взводының командирі лейтенант Чернов ауыр жараланды, павлодарлық қазақ Нұрмұханбетов аяғынан жарақат алды, тура тиген оқтан белорус Парадович пен қазақ Жементев қаза тапты.
Витебск аумағында жаудың үлкен қарулы тобы қоршауға алынды. Олар өз әскерлеріне қосылу үшін бірнеше мәрте қарсы шабуылға шыққандарымен, оңбай соққы жеп кері серпіліп отырды. Ақыры еріксіз қаруын тастауына тура келді. Қаланы азат еткені үшін біздің дивизияға 204-ші Витебск атқыштар дивизиясы атағы берілді. Дәл осындай өлім үшін болған қанды шайқастар Белоруссияда, Латвия мен Литвада, Польшаның шығыс бөлігінде де аз болған жоқ. Соғысты Шығыс Пруссияда 1945 жылғы 9 мамырда аяқтадым.
Тарихқа танктер шайқасы ретінде кірген Курск доғасындағы алғашқы әскери шынығуым күні бүгінге дейін есімде. Танктер ұрыс даласында жәшіктен төгілген сіріңке қораптары сияқты шашылып жатты. Отанды қорғау түрлі ұлттан шыққан жауынгерлер мен командирлерді туыстастырып жіберді. 1943 жылы біздің зеңбірек расчетында жаумен шайқасқан: командир Анатолий Черняев – орыс, көздеуші Шарипов – татар, құлыпшы Пондин – мордвин, оқтаушы Николай Лаптев – орыс, түзетуші Остапенко – украин, екінші түзетуші Котов – орыс, орнатушы мен – қазақ, жәшікші Анаев – түрікмен едік. Елдің әр аймағынан басымыз қосылған біздер ерекше тату болдық», деп еске алады әкем.
Кейін 657-ші полктегі артиллерия расчетының командирі бола жүріп әкеміздің ажал төндіре жүйткіген жау танкілерімен, жылжымалы зеңбіректерімен талай мәрте бетпе-бет келуіне тура келеді. Осындай ауыр ұрыстардың бірінде олардың гаубицасы жау нысанасына ілінеді, иығынан жарақат алады. Бұдан кейін ол барлаушы болады. Табандылығы, жігері мен батылдығының арқасында жаңа орында да ерліктің өнегесін көрсетеді.
Қайырбек әкеміздің сол бір қырғын соғыс туралы тосын естілетін, табиғатына тән емес мына бір сөздер де ерекше сақталып қалыпты: «қаруымыз әрқашан алғы шепте тура нысанада болды». Соғыстан кейінгі жылдары да ол «алғы шепте тура нысанада», яғни туған Қостанайындағы шаруашылықты қалпына келтіру мен жерлестерінің бейбіт өмірін орнықтыру жолындағы жасампаз істердің бел ортасында еңбек етті. Қайда жұмыс жасаса да уақытпен санаспай, денсаулығын күйттемей, аянбай еңбек етіп, өзіне көрсетілген сенім биігінен көрініп отырды.
Адамгершілік және ұйымдастырушылық қабілеттерін ескере отырып әкемізге ауыл шаруашылығының ең қиын учаскелерін тапсыратын. Ол жауапты партиялық-шаруашылық лауазымдарды абыроймен атқарып, ұзақ жыл Қостанай облысындағы Семиозер ауданының Москалев совхозында партия ұйымының хатшысы болды.
Қайырбек әкеміз Қостанай облысындағы Наурызым ауданының Бірінші бесжылдық (қазір Шилі) совхозының ұйымдастыруға араласып, кейін совхоз директоры қызметін атқарды. Ол қиындықтан ешқашан тайсалған емес, керісінше еселенген қайрат танытып, шыңдала берді. Мұны еңбек адамдары да көре біліп, әріптестерінің зор құрметіне бөленді. Ауылдастары, жалпы оны білетіндер әлі күнге дейін әкемізді тәжірибелі де іскер басшы, қарапайым жетекші, адамгершілігі мол, жаны нәзік адам ретінде үлгі етіп отырады. Көзі көргендердің естеліктеріне қарағанда, ол мейірімділігі мен сергектігі өз алдына, аса әділетті әрі қатал басшы болған көрінеді.
Тың жерлерді игеруде де әкеміздің қалдырған ізі сайрап жатыр. Мәселен, оның басшылығымен өлкеде бірнеше астық өсіретін шаруашылықтардың құрылып, тыңды игеруге маңызды үлес қосты.
Ауыл шаруашылығында да мінезінен айнымай, егіс алқаптарын аралап, күн-түн демей, астықты өлкені дамыту жөніндегі бейбіт майданның қатысушысы әрі басшысы ретінде болашақ қазақстандық миллиардқа үлес қосу мақсатында демалыссыз жұмыс жасады. Бірнеше мәрте аудандық және облыстық кеңесінің депутаты болып сайланды. Ауыл шаруашылығының жоғары білікті мамандарын даярлауға үлкен үлес қосты.
Әкеміздің қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, әлденеше рет құрметті марапаттарға ие болды. Бірақ оның өз басы соның бәрінен Алла тағала берген ұрпағын тағдырдың ерекше тартуы деп санады. Әкеміз бен анамыз Сәлима Аңсағанқызы 3 қыз, 7 ұл тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда Есімтаевтар әулетінің өнегелі жолын 20 немересі, 26 шөбересі мен шөпшегі жалғастыруда.
Бүгінде біздің ортамыздан осы бір аяулы да тамаша жанның келмеске кеткеніне де көп уақыт болды. Бірақ қанша жыл өтсе де әкеміздің аяулы бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Әкеммен қоян-қолтық қызмет еткен замандастарының айтқан жылы лебіздері бізді мақтаныш сезіміне бөлейді. Өнегелі әке мен ата жолы бізді ұрпақтардың рухани сабақтастығын терең сезіне отырып, оның атына лайықты болуға міндеттейді. Адамның еткен еңбегінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы азаматтың ғұмырлы екенін көрсетеді және біз үшін бұл үлкен бақыт.
Бақытжамал Оспанова (Есімтаева),
майдангердің қызы
Қостанай облысы