Облыс, майдан басшыларының бұйрығына сәйкес Тұщықұдықтағы 14-ауылдан (Елтай колхозы) Орал майданына 150 жылқы алынатын болды. Әскерге жарамды жылқыны іріктеу үшін «Консоюз» мекемесі арқылы екі-үш әскери өкіл келді. Мінгендері «полуторка». Шаңды аспанға үйіріп, дауысы дарылдап, жер дүниені қуырып барады. Көпшілік жан-жақтан жинала қалды. Келген екі-үш орыстың басшысы жылқы тани білетін, бұрынғы шаруашылық маманы болып шықты. Ол ауыл-ауылдың жылқысын түгел жинақтап, бір жерге иірді, жылқыларды іріктеп, ішіндегі тәуірлерін бөлектеді. Жылқының бойын, ұзындығын, тісін қарап жарамды дегендеріне номер байлады. Ауыл-ауылдан жылқыға арқан жиналды. Бұлары ешкінің қолдан ескен мықты қыл арқаны. Сонымен ең таңдаулы деген 150 жылқы іріктелді. Әлгі бастық орыс: «Мынау Адай жылқылары Дон жылқыларынан артық болмаса, кем емес» деп мақтауын да келістірді. Содан соң ол:
– Жылқыны Гурьевке дейін (қазіргі Атырау) шашау шығармай айдап бару үшін бізге екі-үш адам керек, деді. Мұндай әрі бұйрық, әрі өтінішке ешкім қарсыласқан жоқ. Жұрттың бәрі де әскери тәртіптің қатал заңын түсінетін. Алыс жолға жылқы айдауға жарамды деген Темірбай деген қария мен он алты жастағы Сарыжан Аташев дегендер жүретін болды.
– Тағы да бір адам керек, – деді орыс бастық. Колхоз басшысы Жұмағали Жапақов тереңнен толғап сөйлейтін, барлығын да кесіп-пішіп, біліп айтатын аңғарымпаз адам еді:
– Ес білгелі жылқымен көзін ашқан, жылқының құлағында ойнап өскен ең жас жылқышымыз мынау Есмырза деген баламыз бар, өзі 12 жаста болғанмен, жиырмадағы жігіттей қажырлы. Ал басқалары ылғи қатын-қалаш дегенде, Есмырза екі көзінен от шашып «мен дайынмын» дегендей жалт қарады.
– Тым жас емес пе?
– Бұл бала әбден сыналған жылқышы.
– Ал бала сен қалай қарайсың?
– Ағалардың айтқанына қарсы емеспін, – жұлып алғандай тақ еткізді.
Орыс бастық баланың пысықтығына, батылдығына қатты риза болып, алып жүретін болды. Есмырза анасымен де, өзгелермен де қоштасып атқа мінді.
Сол күні түс қайта бұлар жолға шығып, қалың жылқыны Үстіртке шығар «Өрмелі» асуына қарай бағыттады. Машинадағылар еріп келе жатты. Азық-түлік жеткілікті, жылқышылар «ет консерві» дегенді бірінші рет көрді. Сонымен жылқы айдағандар Бейнеу, Боранқұл, Құлсары, Ескене сияқты талай жерлерді басып өтіп, күндіз-түні жүріп он екі күн дегенде Гурьевке де келіп жетті. Жылқылар алдын ала дайындалып қойылған вагондарға тиелді. Әскери кісілер машиналарын Гурьевке тастап, өздері де жылқымен бірге вагонға мінді. Есмырзадан басқа екі жылқышыны елге қайтарып жіберді. Есмырзаны әскери жігіттер «Еско» деп көбіне, ыммен, қимылмен түсіністі, Есмырза орысша білмейді. Жылқының жайы жасалды. Олар «Есконың» арқасынан қағып-қағып «молодец пацан» деп қояды. Бұлар Сталинградтан (қазіргі Волгоград) көп бөгелмей майдан шебіне жақындаған сайын жағдай өзгере бастады.
Жетінші күн дегенде сәске түсте арада кідіріс жиілей түскен. Есмырзаның жанындағылар «воздух, воздух» деп сасқалақтады. Әлгі неміс ұшақтары аспаннан «құмалақтап» оқтын-оқтын көріне берді. Сол «құмалақтаған» жерлері апандай ор болып, топырақ аспанға үйірілді. Есмырза да үрейлене тысқа көз тастап отырды. Құдай сақтап бомба жуық маңға тура түспеді. Әскерилер Есмырзаны көтеріп апарып вагонның бір бұрышына отырғызып қойды. Жылқылар да қапелімде шыңғырып, кісінеп, аяқтарымен жер тарпып тынышсызданды. Пойыз аман-есен тиісті жеріне келіп жетті-ау. Бұл Орел қаласы маңындағы «Моховое» стансасы екен.
Міне сол сапарда Есмырза жол-жөнекей соғыстың адам айтқысыз қанды ізін көрді. Әлсін әлі жадау-жүдеу адамдар, көмусіз қалған өліктер, қираған техника, өртенген үйлер, күркіреген шалғай шеттегі атыс ұялары, қойшы әйтеуір көңілсіз көріністер көз ұшында қалып отырды.
Жауынгерлер жылқыларды бөліп-бөліп алып, майдан шебіне әкетіп жатты. Бұл жылқылар ауыр зеңбіректі тарту үшін, госпиталь арбаларына жаралыларды тасу үшін тағы да басқа күш көлігі ретінде пайдаланылады екен. Бірқатар жауынгерге Есмырза Жаңбыршиев жылқыны ұстап, қалай жуасытуды үйретті. Әскер басшылары қарғадай баланың батырлығы мен батылдығына бастарын шайқап риза болды. Есмырзаға алғыс айтып, су жаңа киімдер беріп, киіндірді. Сонымен Есмырза екі-үш күн бойы «Полк баласы» атанды. Көп ұзамай оның қасына бір жауынгерді қосып Гурьевке дейін жеткізді. Әскерилердің бастығы «Мынаны анаңа апарып бер» деп отыз сом ақша берді. Ол кезде бұл аз ақша емес-ті.
Ертіп келген жауынгер Есмырзаны Гурьев облыстық әскери комиссариатына аманаттап тапсырып, қош айтысты. Дегенмен жолай біраз қиындық көріп Тұщықұдық маңындағы Боқтысай қыстауына жаяу-жалпы жетті. Оны ауылдастары «Майданнан аман келген жауынгер» есебінде қарсы алғаны және бар.
Есмырза Жаңбыршиевтің осындай ерлігін бұл күндері біреу біліп, біреу білмейді. Былайша жап-жас баланың ерлік хикаясы соғыс кезіндегі өте сирек оқиға болар.
Саналы ғұмыр жолын жылқы түлігін өсірумен өткізген Есмырза ақсақал еңбегімен ер атанды. Қайда жүрсе де қақ төрден орын алды. Марапаттаулары өз алдына бір шежіре. Тәрбиелі, тағылымды ұл-қыз өсірді. Олардың бірі жылқышы болса, көпшілігі ақ адал еңбек етіп кәсіпкерлік тізгінін ұстағандар. Шебір, Шетпе, Ақтау тұрғындары. Ел көзіне түскен қайырымды мейірбан азаматтар.
Өткен жылы дүниеден өткен, 64 жыл отасқан Жәнипа әжей «Алтын алқа» иегері еді. Туралап келген тәңір ажалына кімнің шарқы жетер...
Жүрегінде жыры шексіз, жанарында сөнбес нұры түпсіз Есмырза ақсақал сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол белдеуінен бес қақпаны кетпеген аңшы, құралайды көзге атқан мерген. Атақты сейіс қазірде де оқта-текте жеңіл көлігін «желіге» байлап қойған жүргізуші-шофер. Есмырза ақсақалдың өмір шежіресі туралы 2009 жылы жарық көрген жазушы Сәбит Әбішевтің «Тағылым» атты кітабында көп дерек келтірілген.
Таяуда Есмырза ақсақалға барып сәлем бердік. Аяғы сәл қоюланып қалғаны болмаса, қимылы ширақ, шалқыма сөзі ақтарылып отыр. Өткен-кеткенді әңгімеледі. «Ел тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгілік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыз мәңгілік болсын» деп батасын берді.
Біз де ұрпақтарыңызбен мың жаса деп ақ батасын қабыл алдық.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АҚТАУ