Дүниенің мазасы кетіп-ақ тұр. Қауіп пен қатерге басын тіккен адам баласының сол жанталасынан-ақ ой түйер болсақ, бізді де терең ойға жетелейтін және тіпті де алаң күйге түсіретін жайлардың аз еместігін сезіне алар едік.
Бұл алаң жайдың негізгі өзектілері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде (5 мамыр 2020 жыл) жарық көрген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында айтылған мәселелер біздің әрқайсымызға терең ой салғаны анық. Президент өз сұхбатында «Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті» дей келіп, осы індеттің салдарынан дүние жүзінде экономиканың қарқыны күрт төмендеп, шикізат бағасының құлдырап түсіп кеткенін айтты. Әрине бұл жағдайда шұғыл да қажетті шаралар қолданылмаса, әлем бойынша жағдайдың қиындай түсетіні сөзсіз. Аз ба, көп пе, әйтеуір өз күнкөрісі үшін пәпақаларын тауып жүргендердің біразы жұмыстарын қойып, үйлерінде отырды. Төтенше жағдайдың талабы да осы болды!
Міне, осы жағдайда Мемлекет басшысының пәрменімен қазақстандық азаматтарға қолдау көрсету үшін төтенше жағдай жарияланысымен-ақ нақты шаралар жедел қолға алына бастады. Президентіміздің өзі осы карантиндік жағдай жарияланғалы дүркін-дүркін телевизиялық мәлімдемелер жасап, елдегі қалыптасып отырған жағдайды өзі айтып, мемлекет тарапынан халыққа көрсетіліп жатқан көмек, қолдаулардың жай-жапсарына дейін баяндап келеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та халқының басына түскен сындарлы шағында қарап жатпай, елді бірлікке шақырып, халқының еңсесін тіктер сөз айтып, қолдау көрсете бастады. Бұл да халқымыздың ынтымағын одан әрі бекемдей түсуге зор септігін тигізді дер едік.
Президенттің өз сұхбатындағы «ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз», дегені өзекті мәселені, жастардың жұмыссыздығын жоюға бағытталған алғашқы қадам ретінде қарастырар едік. Өйткені қазір жастардың «бізге тек жұмыс беріңіздер, одан өзге ешнәрсе сұрамаймыз» деген талаптары да естіліп жатады. Бұл орынды талап! Қазір біздің жастарымыз да жұмыс істеу жағына келгенде ешкімнен кем түспейді. Тек сол өз жастарымызға сене білейік, қолдай білейік, жұмыс берейік! «Қазақ жастары жалқау, олардың қолдарынан еш нәрсе келмейді» дегенді ең әуелі өзіміз айтқанды қойсақ еді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатындағы «тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз!» деп осы бір ой-пікір – ерекше назар аудартарлық және де ойлантарлық замана сөзі болды. Ақиқатында, «Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді» деп еңбекті, еңбекқор ұлт болуды айтып отырған Президент тұжырымы біздің әрқайсымызды алға ұмтылдыруы тиіс. Осы орайда ендігі арада Үкімет жастарға, жалпы халыққа жұмыс беруді ұйымдастыру мәселесіне барынша жауапкершілікпен, тіпті жан-тәнін сала кірісуге тиісті. Ол үшін әр министр жергілікті жердегі жағдайға әбден қанық болуы керек. Неге осы біздің үкімет мүшелері шалғайдағы ауылдарға бармайды? Неге олар сол жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, әркім өз саласы бойынша неге ой жинақтамайды?
Мысалы, жылына екі рет қойынан қырқылатын жүнді, сойылып жатқан малының тері-терсегін, өндіріп жатқан басқа да өнімдерін сатып алуды Үкіметтің тікелей өзі ұйымдастыратын кез келді емес пе? Бұл мәселе талай айтылып, жауыр да бола бастады. Ауыл халқы өз малының өнімі нақтылы табыс әкелетінін сезінсе, олардың мал өсіруге деген ынта-жігері де арта түсер еді ғой! Және де ауыл шаруашылығының игерілмей жатқан мол мүмкіндігін іске қосу үшін, жастардың ауыл шаруашылығына беттерін бұру үшін мақсатты және жүзеге асырылуы мүмкін жоспар мен бағдарды да анықтағанымыз дұрыс болар еді.
Сөз соңында, осы бір карантин кезінде Мемлекет өз халқына көмек қолын созып, қаржысын да беріп, өзге де қолдауларын жасай білді, жасап та жатыр! Әрине, бұл карантин де бітер. «Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыруымыз керек!», деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында айтылғандай осы бір ауыз сөзі – ендігі арада біздің де әрқайсымызды «Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру үшін мен не істей аламын?» деген ой да толғандырса етті. Сайып келгенде, қиын да күрделі кезеңде қолдай білген мемлекетімізді енді біз де қолдайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ