Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Ағарғаны мол аудан

497 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көктем шыға малы төлдеп, уыз көжеден дәм татуға шақырған туысқанымыз Қазығұрт ауданында тұрады. Түркістан мен оңтүстік аудандарды байланыстыратын даңғыл жолда бүгінде көлік көп. Көрші Өзбекстан елімен қарым-қатынас жақсара түскелі жолаушы тасымалдайтын үлкен автобустардың да, сауда-саттықпен ағылып жатқан ірі жүк көліктері де молайған.

Ағарғаны мол аудан

Қазығұрт асуынан өтетін күре жолдың бойында ауыл тұр­ғын­дары айран-сүтін, қымызы мен қымыранын, құрт пен ірімші­гін саудалап тұр. Бұл көрініс жолау­шыларға жақсы таныс. Сұраныс бол­ғандықтан да ағарғанын сату­шылардың жол бойын сауда орнына айналдырғалы қашан. Ауданда мал өнімі, ағарған мол екенін осы бір көрініс те аңғартады.

Туысқанымыз әдейілеп ша­қыр­ған кәделі де жеңсік тағам­нан дәм татуға ауылдастары мен ауыл ақсақалдары да келіпті. Өте дәм­ді, әрі қою көжеден ауыз тиген ақсақалдардың бірі есік жақ­тағы үй иесіне қарата «келін, тағам­ды қара уыздан дайындады ма, әлде сары уыздан ба?» деген сауал тас­тады. Ақсақал айтып отырған қара уыз – төлдеген малдың ең алғашқы сүті, сары уыз – төл ем­геннен кейінгі сүт. Ал бір тәу­лік­тен кейінгі сүтті ақ уыз дей­тінін ауылдағылар жақсы біл­е­ді. Отағасы да мүдірмеді «сиыры­мыз 2-3 күн бұрын төлдеді, көжеңіз тәтті уыздан әзірленген, көке», деді төр жақтағы ақсақалға қарап. Баппен пісірілген тағамға ризалық батасын берген ақсақал көшпенді қазақ арасында осыған ұқсас «көтенасар» салты да барын айтты. «Көтенасар – алғашқы төл туғанда арнайы көтен асып, қонақ шақыру ғұрпы. Мұндайда уақытынан ерте, қыс мезгілінде туған төлдер есепке алынбайды. Көп нәрсе заманға бейімделе өзгеріп, не болмаса қалып барады. Уыз көже дайындап басымызды қосқаныңа рахмет!» деді ақсақал. Одан кейін дастарқан басындағы әңгіме ауыл тұрғындарының өздерінен артылған ағарғанды қалай саудалап жатқанына ойыс­ты. Жол бойындағы сауда орын­дарының көбейе түскені, ондағы өнімдердің сақталуы мен сапасы, тазалығы мен санитарлық талапқа сай болуы да әңгімеге арқау етілді. Ауыл тұрғындары айтқандай, енді жол бойындағылардың өніміне үлкен кәсіпорындар да тапсырыс беретін болады. «Қазығұрт» индустриялық аймағында 2 гектар жер телімінде орналасқан «Асыл бастау.кz» ЖШС-ның құны 602,7 млн теңгелік «Май­сыз­дандырылған құрғақ сүт және сары май шығару» жобасы осы наурыз айында іске қосылмақ. 20 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын кәсіп­орынға ресейлік және украи­на­лық құрал-жабдықтар орнатыл­ған. Жылына 2 мың тонна сүт өнімін өңдейді. Сүт өнімін аудан­дағы агроқұрылымдардан және халықтан келісілген баға­да жи­нақтап өңдеу арқылы арнайы ыдыстарда құйылған құр­ғақ сүт, сары май, айран, қай­мақ және ірімшік шығару көзделу­де. Кәсіпорын жұмысқа тек аудан тұрғындарын алады. Қазы­ғұрт ауданының әкімі, жұрт іскерлігін жоғары бағалап жүрген Төлеген Телғараев жергілікті агроқұ­рылымдарды және тұрғындарды аталған кәсіпорынға сүт өнімін өткізуге шақырыпты. Шағын отбасылық сүт фермалары да көптеп ашылуда екен. Мысалы, өткен жылы 29 шағын ферма іске қосылған. Мал басы да көбейе түскен. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Табынға асыл тұқымды бұқа» бағдарламаларының аясында ауданда 3851 мал алыныпты.

Уыз көженің қай күнгі сүттен дайындалғанын сұраған ақсақал дастарқан басында жастарға құлаққағыс ете жақсы әңгімелерді де айта отырды. «Малдың төлі уызға әбден тоюы керек. Уызына тоймаған төл жүдеу болады. Сондықтан да үлкендер мал төлін әбден емізіп, уызына тойдырады», дейді ақсақал. Сондай-ақ дастарқан басында қазығұрттық «Қазан» кеспе туралы да әңгіме қозғалды. Әрине ер-азаматтар жағы алдымен жаңа ашылған жұмыс орындарын тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары айтып отырған кеспеңіз өндірісі қайта жаңғыртылған, индустриалдық аймақта орналасқан, «CG Foods Central Asia» ЖШС-ның «тез әзірленетін тағамдар» жобасы аясында шығарылуда. Өткен жылы 1,1 млрд теңге инвестиция салынған зауыт бүгінде 10 түрлі «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімін шығаруда. Бүгінгі таңда 80 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары жұмысшылар саны 300-ге жетпек. Кәсіпорын жылына 1100 тонна өнім шығарып, оның 20%-ы еліміздің аумағында, ал 80%-ы Орталық Азия елдеріне экс­порт­талады. Жалпы, «Қазы­ғұрт» индустриялық аймағында 7,3 млрд теңгелік 193 жұмыс ор­нын құрайтын 5 жоба орна­ластырылған. Осы арада айта кетерлігі, аграрлы ауданда ауыл шаруашылығының дамуына назар аударылуда. Ауданда жұмыс іс­теп тұрған 19 өнеркәсіп кәсіп­оры­ны өткен жылы 7 840,3 млн теңгенің өнімін өндірген. Биыл өнім көле­мін 7 866 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Шағын және орта бизнес саласы бойынша жалпы құны 1223,9 млн теңгелік 32 шағын жоба іске қосылып, 195 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 10151 бірлікке жетіп, жұмыс істеп тұрғандарының үлесі 96,7% болған. Осы бағытта ауданда 11795 адам жұмыспен қамты­лып, өндірілген өнім көлемі 69 801,5 млн теңгені құрады. «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы аясында бүгінге  дейін жалпы 49 жоба қол­дау алған. «Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемле­кет­тік бағдарламасы аясында 268 тұлға 921,5 млн теңге несие алып кәсіпкерлікпен айналысуда. Сонымен қатар «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ауданның 18-29 жас аралығындағы 199 азаматы және 136 көп балалы ана, 19 мүм­кіндігі шектеулі жан, жалпы 354 адам шағын кәсіптерін ашу үшін 505 мың теңгеден қайтарымсыз мемлекеттік грант алып отыр.

Осы сынды жақсы өзгерістер сөз болған дастарқан басында қа­рия­­лар уыз көже әрбір әулетті уыз­­дай ұйытатынын айтты. «Қазақ­­­тың «уыздай ұйыған» деген тір­кесінде үлкен мән жатыр. Бұрын ауыл адамдары өте ұйымшыл еді. Бір-бірінің қас-қабағына қарай­тын. Ренжітіп алмауға тырыса­тын. Осының барлығы уыз көже дәмін бірге татқаннан да шығар. Сол ынтымақ, бірлікке сызат түсір­меңдер, салт-дәстүрімізді сақ­тап, жас буынға өнеге-үлгі етің­дер», деп ақсақал ақ батасын бер­ді. Уыз көже ішкен жұрт «ақ мол болсын» деп тілегін айта тарқасты.

 

Түркістан облысы