Рас, ауылдастардың қалаға жаппай қоныс аударып, үдере көшуіне іштей қамығып, опынғаннан басқа қолдан келер дәрмен болмай тұр. Кімге тұсау боласың? Кімге ақыл айтып, кімді үгіттейсің? Бұл күнде әркім әлемнің қай түкпіріне қоныс тебем десе де, дүниенің қай бұрышына қазық байлаймын десе де өз еркі. Жанға жайлы, шаруаға сайлы болса, туған топырақты да қиналмай қиып кете беретін болдық. Бұрынғыдай шашау шығармай, ауыл болып айналып, ұлыс болып ұйысып отыратын дәурен қайда?..
Ауылдас, жерлес деген ыстық қой, шіркін. «Неге көшіп барасыз?..» деп бұл шешімінің мәнісін білгің келеді. «Ауылда не қалды енді?» дейді шарасыздық танытып. «Бұрынғыдай емес, ауылдың базары тарқады ғой» дегенді көзінен оқисың. Ауыл дегенің адамдарымен ажарлы, базарлы емес пе? «Кешегі дүрбелеңге толы талай қиын-қыстау кезеңде өзегімізді талдырмай, асырап, жеткізіп еді-ау, енді туған ауылға алғысымыз ретінде өрісін кеңейтейік, шаруасын түлетейікші», дейтін ерлік пен азаматтық мінез күтетінің рас. Бірақ, өкінішке қарай, «ауыл бізге не береді екен?» дейтін азаматтар көп екен әлі...
Ауылда не қалды дейсіз бе, айтпақшы? Сіз ойнаған бұйра-бұйра құм қалды. Кетік баланың тісіндей болып сиқы кеткен көше, үңірейген үй қалды... «Келіп тұрам ғой» дейді жұбатқансып... Талай азамат дәл осылай тастүйін бекініп, қайырылмай кеткен. Содан артындағы ұрпақ туған жерге тасбауыр болып, біржола тамырын үзген.
Ең қызығы, кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда болмаған көш қазір қатты байқалып отыр. Тұрмысымыз түзеліп, жағдайымыз жақсарған сайын ауылдан алыстай түскіміз келетін болғаны ма? Ауыл деген аты болмаса, қазіргі тұрмыс-тіршілігіміздің қаладан кем түсіп тұрмағанын кім жоққа шығара алады?
Көшіп жатқанның көбі жұмыссыздықты тілге тиек етеді. Бірақ сол көштің бел ортасында талай зейнеткерлер бар екенін көз шіркін көріп жүр. «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған Қартқожа білмегенде кім біледі?» деп басталушы еді ғой Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі шығармасы. Туған жердің қадірін бар саналы ғұмырын осы топырақта өткізген ақсақалдан артық кім білуші еді деп топшылаймыз біз. Ал ауылдан ақсақалы көшкен соң өзгеге не жорық?
Ауыл – ұлттық дәстүрді сақтаушы орта, ұлтымыздың негізгі тірегі болып келді. Алайда осы бір ерекше әлеуметтік қауымдастықтың күйзеліске ұшырағанына көп болды. Бүгінгі ауылдың басты проблемасы – халықтың көшуі. Әрине ақсақалдарымыз бен жастарымыз ауылдан көшуді тоқтату жөнінде бастама көтеріп жатыр. Бірақ бұл күрмеуі көп күрделі мәселе. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні сияқты баршамыз елдік танытып, ортақ іске жұмыла білсек, бұл қиындықты да еңсереміз.
Кей қазаққа туған жер мақтан үшін керек сияқты. «Дүлдүлдер мен бұлбұлдар ұшқан қасиетті Қаратөбе топырағынанмын», деп ет-жүрегі елжірей еске алатындар көп. Онда да туған жердің мерейін тасыту үшін емес, өзінің әлгіндей текті топырақтан шыққанын мақтан ету үшін ғана. Шын патриот болса, жыл сайын туған жерге ат басын бұрып, құлаған бір кірпішін қайта қалап, қисайған бір бұрышын қайта түзеп қоймас па?
Айтып-айтпай не керек, туған ауылдың түтіні түзу шықсын дейтін әрбір жанашыр азаматқа «ауылда енді не қалды?» деу ар саналса керек!.. Ауылдан алыстамаңызшы, ағайын!
Маралбек АМАНТАЕВ