25 Қыркүйек, 2013

Баянауыл туралы баян

1370 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі күні Павлодар облысының Баянауыл ауданында ел есінде жүретін, бүкіл республикамызға ортақ екі үлкен шара болып өтті. Бұл екі шара да рухани құндылығы тұрғысынан бір-бірімен өзектес әрі сабақтас.

Сатбаев ескерткиши-1

Өткен жексенбі күні Павлодар облысының Баянауыл ауданында ел есінде жүретін, бүкіл республикамызға ортақ екі үлкен шара болып өтті. Бұл екі шара да рухани құндылығы тұрғысынан бір-бірімен өзектес әрі сабақтас.

Бірінші шара ұлтымыздың ұлы тұлғасы, осы Баянауыл топырағының тумасы, Қазақстанның ұлттық ғылым академиясын алғаш ұйымдастырушы Қаныш Сәтбаев есіміне қатысты болды.

Баянауылдағы Қаныш Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражай 1967 жылы ашылған болатын. Осы уақыт аралығында мұражай үйі әбден тозды. Оны күрделі жөндеуден өткізудің қаржылай мүмкіндігі болмай жүр еді. Осы іске Баянауыл өңіріне келген сапарында KazEnergy ассоциациясының төрағасы, «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев өз бастамасы негізінде көмек көрсетуге, сонымен қатар, осы аудан орталығындағы осыдан 150 жылдан астам уақыт бұрын Мұса Шорманов салдырып, қазір әбден ескірген мешітті заман талабына сай қайтадан көтеруге қаржы бөлу жөнінде уәде берген екен. Осы уәде орындалып, жексенбі күні екі ғимарат та шараға республикамыздың әр түкпірінен келген қонақтар мен аудан тұрғындарының алдында есігін айқара ашты. Қаныш Сәтбаев мемориалдық мұражайының алдында айтулы ғалымның ескерткіші бой көтерді.

Облыс әкімі Ерлан Арын мұражайдағы салтанатты жиында «Баянауыл басынан бұлты кетпес» деп қазақ әнінде айтылғандай, жазы мен күзі жаңбырлы келетін аудан өңірінде дәл осы күні күннің шайдай ашылып, шуақ төккендігін осы бір игілікті шараның символдық мәніндей болғандығын атап өтті. Баянауыл өңірі елімізге аттары мәлім ғалымдар мен ақын-жазушылардың, Абылай ханның батагөй ақылшысы болған Бұқар жыраудың, кемеңгер Мәшһүр Жүсіптің, Сұлтанмахмұттың елі екендігін, бұл өңірден Қаныш Сәтбаев бастатқан үлкен ғалымдардың шыққандығын айта келе, осынау қасиетті топырақтағы бүгінгі өтіп жатқан шаралардың мәні зор екендігін жеткізді. Шараға қатысуға арнайы келген еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандар қоғамының төрағасы Хазірет Ержан Малғажыұлы мен құрылысты қаржыландырған Тимур Құлыбаевқа аудан, облыс халқының атынан алғысын білдірді.

Мұнан кейін сөз алған ұзақ жылдардан бері Қаныш Сәтбаев туралы деректерді жинастырып, соның негізінде ұлы ғалымға арналған үлкен еңбекті жариялаған сәтбаевтанушы, жазушы Медеу Сәрсеке қазақ ғылымының көшбастар тұлғасы туралы жаңа деректерді алдыға тарта отырып, қызықты әңгіме өрбітті.

Осы өңірдің тумасы, Ұлттық академияның төралқа мүшесі, академияның Астана өңірлік бөлімшесінің төрағасы академик Зайролла Дүйсенбеков жерлестерінің алдында толғана сөз сөйлеп, Қаныш Сәтбаев феномендігіне тоқталып өтті. Кішіпейіл, парасатты, бастаған ісін ақыр аяғына дейін жеткізе білетін үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, ғылым саласында көрегендігімен ерекшеленген ұлы тұлғаның әрбір ісі өміршеңдігімен дараланатындығына көптеген мысалдар келтірді. Соның бірі өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінде-ақ Қазақстанның орталық өңірінің түптің-түбінде осы өңірде қаулап өскен өндірістерге байланысты су тапшылығына ұрынуы әбден мүмкін екендігін болжап, Ертіс-Қарағанды каналын салдырғандығын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы істі орынды пайдаланып, канал суын Вячеслав су қоймасына дейін жеткізгендігін, соның нәтижесінде бүгінгі Астана тұрғындары еліміздің шығыс бөлігімен ағатын ұлы өзен Ертіс суын ішіп отырғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаевтың 60-70 жыл бұрын қазіргі Астананың ел өмірінде алар орнын болжай біліп, «Егер біз халқымыздың болашағын ойлайтын болсақ, оның болашақ даму мүмкіндіктерін ұйыстыруда Ақмоланың орны зор болады, сондықтан ұлттық академиямыздың негізгі институттарын сол өңірге шоғырландырғанымыз жөн» дегендей пікір айтқандығын жеткізді. Бүгінгі күні сол Қаныш Сәтбаевтың ізін басып келе жатқан, академияның Астана бөлімшесінің төрағасы болып отырған ғалым өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде «Абай» журналына берген сұхбатында Қаныш Имантайұлының еңбегіне берген мынадай бағасымен қорытындылады: «Қазақстан көлемінде, біздің қазақ халқынан Қаныш Сәтбаевтан асып әлемдік ғылым шыңына көтерілген ғұлама болған жоқ. Сондықтан да мен Қаныш Имантайұлын біздің ұлт қана емес, бұрынғы одақ бойынша да ғасырдың ұлы тұлғасы деп білемін. Әркімді өзіне лайық тұғырына қойып, шынайы бағасын белгілеуші уақыт пен тарихтың шешімі бұл».

Осы өңірден шыққан тағы бір Ғылым академиясының академигі, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Арыстан Ғазалиев өз ата-бабаларын Қаныш Имантайұлының ата-бабаларымен ежелден аралас, таныс, біліс болғандығын айта келе, ғалымның жас ұрпаққа берер ұмытылмастай өнегелі қырлары туралы әңгіме қозғады. Мұражайға арнап әкелген сыйын тарту етті.

Қаныш Сәтбаевтың ұрпақтары атынан осы салтанатты жиынға арнайы келіп қатысқан, ұлы ғалымның немере інілері Ғабдуғани-Сұлтан Әлішерұлы Сәтбаев, Қанат Жолдасов бабаларына осындай үлкен құрмет көрсетіп жатқан аудан халқына, мұражай құрылысына қаржы көзін іздестіріп тапқан облыс әкімі Ерлан Арынға алғысын білдірді.

Мұнан кейін Қаныш Сәтбаев ескерткішінің салтанатты ашу рәсімі болды. Ескерткішті көмкерген ақ шымылдық түрілген сәтте бір кездері осы Баянауыл өңірінен әлемдік ғылым көгіне жас қырандай шырқай көтерілген, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғұламаның тау тұлғасы еліміз өз тәуелсіздігіне ие болып әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіріп, одан да биік межені бетке алған осынау сәтте өзі туған өңіріндегі мәңгілік тас тұғырына келіп қонғандай ерекше әсерде болдық. Мұражай үйінің алдындағы лента қиылып, халық асығыс көңілмен жапырлап ішке өте бастады. Сырты сәнді ғимараттың іші де мазмұнға бай екен. Мұнда ғалым өмірі мен қызметіне және аудан тарихына қатысты 3 мыңнан астам жәдігер қойылыпты.

Мұнан кейін аудан орталығында жаңадан бой көтерген мешіттің ашылуы болды. Онда бас мүфти Ержан қажы Малғаждарұлы сөз сөйлеп, халқымыздың рухани құндылықтарына ерекше көңіл бөліп отырған өңір басшыларына өз алғысын жеткізді. Кезінде осы өңір халқын прогрессивті даму жолына бастап, заман ағысынан қалмас үшін білім алуға үндеген Мұса Шорманов мешітінің орнына бой көтерген бұл ғимарат өзінің ажарымен ауылға ерекше көрік беріп тұрды. Көлемі мен сәулеттік құрылысы тұрғысынан алғанда мұндай мешіт кейбір үлкен қалаларда да жоқ. Ауданның батагөй ақсақалдары Мүкарам Шүленбаев, Мұрат Рахметовтер облыс әкімі Ерлан Арынның Баянауылды рухани мәні зор қасиетті топырақ ретінде оны абаттандыру ісіне үлкен көңіл бөліп жүргендігін айтып, өз ризашылықтарын газет арқылы жеткізуді сұрады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар