«Тыйым салу және квоталар түріндегі барлық реттеу шаралары уақытша. Қазір короновирус індетіне байланысты карантиндік шаралар жеңілдетілді, демек, тауар айналымы да біртіндеп қалпына келеді. Сондықтан, 2020 жылдың 1 маусымынан бастап астық пен ұнға, сондай-ақ басқа да тамақ өнімдеріне қойылған барлық шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр. Мұның үш себебі бар:
- біріншіден, енгізілген тыйымдар мен квоталар өз нәтижесін берді, біз жаңа өнім алуға жақындадық және азық-түлік қауіпсіздігінің қатерін жойдық;
-екіншіден, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өңірлердің тұрақтандыру қорлары ұн және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етті;
- үшіншіден, негізгі астық өсетін аймақтарда егіс науқаны басталды, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді, ылғалдың жиналуы жеткілікті, «Қазгидромет» маусым-тамыз айларында орташа температура режимін және жауын-шашынның жеткілікті мөлшерін болжайды. Мұның бәрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті дақыл жиналатындығын болжауға мүмкіндік береді», - деді АШМ басшысы.
Еске сала кетсек, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты және карантин кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 22 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеулер енгізген болатын.
Осы жылдың 2 сәуірінде, республика аймақтарындағы азық-түлік қорлары қайта нақтыланып, талдаудан өткеннен кейін, ведомство Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір тауарлардың экспортын нақты реттейтін «Жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығарудың кейбір мәселелері туралы» № 111 жаңа бұйрығын дайындады. Тыйым салынған қарақұмық жармасы, ақ қант, картоп, пияз, сарымсақ, тұқымдар мен күнбағыс майлары болды.
Квота бойынша экспортталатын тауарлар тізіміне сәбіз, қызылша, қырыққабат, сондай-ақ ұн мен бидай кірген.