Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Екпені міндеттемеу туралы түзету қабылданбады

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Екпені міндеттемеу туралы түзету қабылданбады

Кодекс жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова депутаттар енгізген түзетулер денсаулық сақтау жүйесін заңнамалық тұрғыдан жақсартуға бағытталғанын айтты.

Аталған құжат бойынша жұмыс тобында мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, медициналық және ғылыми қоғамдастықтың, үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен 1200 ұсыныс қаралған. Нәтижесінде 717 түзету қабылданып, 2 түзету қабылданбаған.

Қабылданбаған түзетулердің бірі профилактикалық екпелер жүргізуді «міндетті» деген сөзді «құқылы» деп өзгерту туралы болса, екіншісі екпе жасалмаған балалардың балабақшаларға баруын тыятын нормаларды алып тастау жөнінде болды.

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова бұл мәселені жұмыс тобының мүшелері жан-жақты зерделегенін, сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде барлық екпе міндетті және ерікті болып нақты бөлінеді. Ал балалардың балабақшаға баруы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне байланысты жүзеге асырылады.

Бұл түзетулерді енгізуді депутат Бекболат Тілеухан ұсынған еді. Ол отырыс барысында мәжбүрлі екпеге қарсы ұстанымында қалатынын аңғартты, бірақ бұл түзетулерді депутаттардың көпшілік даусына салуды сұраған жоқ.