Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Темекі коронавирустан құтқармайды

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 Әлемді жайлаған індет әртүрлі аңыз сияқты әңгімелерді тудырғаны әмбеге аян. Коронавирустық инфекцияға шипа екен деп, кейбір азық-түліктің бағасы көз алымызда шырқап шыға келгенін де көрдік. Осы тақылеттес «аңыздардың» бірі – темекі шегетін адамдардың жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы туралы. Мұндай мифтің тууына Қытай провинцияларының бірінде індет жұқтырғандардың бір бөлігін алып, зерттеу жүргізген кезде, олардың көбі шылым шекпейтіндіктері туралы мәлімдегені негіз болған. Ал шын мәнінде індет пен шылымның бір біріне қанадй әсері бар? Бұл туралы мамандар не дейді? Осы мәселеде біз Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігерлерінің дәйектеріне сүйендік.

Темекі коронавирустан құтқармайды

Алдымен ДДҰ мәліметтері бойынша, Жер шарының 7,5 млрд. тұрғынының шамамен 1 миллиарды темекі шегетінін алға тарта кеткен жөн. The TobaccoAtlas америкалық бастамашылар тобының сарапшылары жыл сайын темекі тұтынушылар 5,7 млрд сигарет шегіп, шамамен 1 млн тонна темекі тұқылын шығарып тастайды деген ақпарат береді. Олар тонналап шығарылып жатқан темекі тұқылдарының тек қана қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар адамдарға да зиян келтіретіндігі, өйткені олардың целлюлоза ацетатынан тұратындығы және жалпы табиғи жағдайда ыдырап кетпейтіндігі туралы фактілерді қоса ұсынды.

– Темекі ағзаға белсенді сіңірілетін көптеген заттардан тұрады. Денсаулық үшін иіскейтін темекі де өте қауіпті. Оған басты айналдыратын құрғақ снафф жатады. Қоспа көз қарашығын ұлғайтып, реакцияны арттырады.

Темекінің негізгі құрамы – никотин. Ол  психикалық белсенді қасиеті бар және адамдыүнемі тәуелділікке әкелетін алкалоидтан тұрады. Шеккен кезде шөп никотиннен басқа: шайыр, бензопирен, радиоактивті темірлер (полоний-210, кадмий, қорғасын), тұншықтырғыш газ, формальдегид, нитрозаминдер, көгерткіш қышқылы секілді көптеген улы заттарды қоздырады. Олар темекі түтінінде де болады және ағзаға түсіп жиналады,  – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ күндізгі стационарының терапевт дәрігері Гаухар Кожакеева.

Әлемдегі өлім-жітімнің басты себептерінің арасында темекі шегу екінші орынды алып отыр. Бұл ретте жер жүзінде адам өлімін болдырмау факторларының арасында темекі шегу жетекші орында деп есептеуге болады. Зиянды әдет адам өмірін 10-14 жылға қысқартады.

Гаухар Кожакееваның айтуынша, никотин бүкіл ағзаға теріс әсер етеді.Бұдан ең алдымен тыныс алу жүйесі зардап шегеді. Темекі түтіні ауыз қуысы сілемейін, жұтқыншақты, көмейді ушықтырады. Осының салдарынан темекі шегушіні үнемі жөтел қысады. Темекі шегуші бронхитпен жиі ауырады. Никотиннен тістің эмалі бұзылып, оның маңайындағы тіндердің қабынуы туындайды. Никотин, шайыр және басқа да канцерогендер адам ағзасында қатерлі ісіктің дамуына алып келеді.

Жалпы, темекі шегу адамның барлық ағзасы мен жүйесіне, оның ішінде жүрек-қантамыр, ас қорыту, репродуктивті, зәр шығару жүйесі мен көру органдарынакері әсер етеді. Барлық ағзалар мен жүйелердің зақымдануы көптеген ауруларға, оның ішінде инсульт, ерін, тіл, жұтқыншақ, өңеш, өкпе обыры, пародонтит, стоматит, ӨСОА, стенокардия, қолқа аневризмасы, шашыранды склероз, миокард инфаргі, гипертония ауруы, атеросклероз, асқазан және ұлтабардыңойық жарасы, гастроэзофагеальды рефлюкс, остеопороз, бедеулік, импотенция секілді ауруларға әкеледі.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мамандары темекі шегу иммундық жүйеге қатты соққы береді де, бұл кез келген инфекцияның, оның ішінде жаңа коронавирус инфекциясының ағымына да кері әсер ететіндігі алға тартады.

– Темекі шегушілерде иммундық жүйенің төмендеуі мен өкпе тіндері зақымдануының салдарынан ауру көбіне пневмонияның дамып, әрі қарай аурудың  ауыр түріне дейін өршитіндігі дәлелденді. Сондықтан, темекі шегу адамды коронавирусты жұқтырудан сақтайды деген пікір түпкілікті дұрыс емес, керісінше, аурудың ауыр ағымының болу қаупі мен өлім қаупінің қосымша факторы болып табылады.

Қазіргі таңда, коронавирус пандемиясы жағдайында темекі шегу аурудың асқынуларына әсер ететіндігін, аурудың нәтижесі қауіпті жағдайларға әкелетіндігін дәлелдейтін деректер бар. Яғни, бұл сигарет, кальян, вейптерді шегу адамды коронавирустан аман сақтап қалады деген пікірге сенуге болмайды, – дейді терапевт.

Керісінше, кез келген дерттен дербес – темекі шегу денсаулыққа орасан зиян әкелетіндігін естен шығармау керек! Мүмкін, қазір темекіден бас тарту – бұл денсаулықты түзету және инфекциялық аурулардан, оның ішінде коронавирус инфекциясынан қорғану жолындағы қадам деген медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асып,темекі тартатын халықтың көп бөлігі ойланар деп үміттенеміз.