Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Қыздар университеті: Абайды насихаттау үшін арнайы дәрісханалар ашу ұсынылды

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзаттың жол сілтер шамшырағына айналған ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Абай мұрасы – рухани жаңғырудың қайнар көзі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды университеттің қоғаммен байланыс қызметі.

Қыздар университеті: Абайды насихаттау үшін арнайы дәрісханалар ашу ұсынылды

Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері мен жоғары оқу орындарының жас ізденушілерінің қатысуымен өткен жиын жұмысы онлайн форматта жүргізілді.

Басқосуды Қыздар университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Болатхан Сарбасов ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде конференцияның мақсатына тоқталып, хәкім шығармашылығын кеңінен дәріптеудің маңызы төңірегінде айтты.

– Тағылымы мол жиынды өткізудегі мақсат – әлемдік деңгейде танылған ұлы ақын мұраларындағыәрбір сөзді санаға сіңіру, барша отандастарымыздың және түркі халықтарының бойында  ұлттық рухани құндылықтарды  қалыптастыру. Сонымен қатар адамзаттың ақылманына айналған ойшылдың шығармашылық мұрасын да дәріптеуді көздеп отырмыз. Ақынның дана ойлары мен парасатты поэзиясы әлемдік әдеби қазынаға қосылған теңдессіз байлық екенін тағы да дәлелдегіміз келеді, – деді Болатхан Сарбасов.

Ал оқу орнының Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары екендігін әңгімеледі.

– Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мақсатында бүгінгі таңда Қыздар университетінде «Абайтану» пәні оқу бағдарламасына енгізіліп, бұл тарапта арнайы оқулықтар да жарық көре бастады. Абайдың өміршең шығармалары ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына, баға жетпес құндылық. Елдің ертеңі үшін өмір сүруді  өсиет еткен Абайдың асыл сөздерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, оқыту мен тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп ойлаймын, – деп атап өтті Нұрғали Аршабеков.

Сонымен қатар басқосуда Түркияның Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Екрем Аян «Абай шығармаларындағы тәрбие мәселесі» тақырыбында баяндама жасап, келелі ойымен бөлісті. Шетелдік ғалымның пікірінше, Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ.

Ал «Еуразия перспективасы» компаниясының президенті, білікті ғалым Зифа-Алуа Әуезова ойшылдың даналық ой-толғамдары жайында баяндады.

– Бүгінгі қоғамда өмір сүріп отырған адамдар үшін ауадай қажет ұлттық құндылықтар һәм рухани байлықтар мен адамдық биік қасиеттер Абайдың поэзиясы мен қара сөздерінен табылады. Ол қазақ халқының рухани мәдениетін әлемдік озық үлгілермен табыстырып, оған өз ұлтының өзіне ғана тән ерекшеліктерін, ой-пікір байлығын, сөз өнерінің үлгісін қосты. Әрбір азамат ақын шығармаларын өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі тиіс. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады, – дейді Зифа-Алуа Әуезова.

Сондай-ақ конференция барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова «Абайды тану – өзіңді тану», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева «Абайдың «Толық адам» ілімінің «Абай жолы» эпопеясындағы көрінісі», Сулейман Демирел атындағы университеттің профессоры Береке Жұмақаева «Абай шығармаларын оқытудың өзекті мәселелері» және Қыздар университетінің профессоры Болатхан Сарбасов «Абай ілімі және рухани жаңғыру» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Олар өз сөздерінде Абайдың әдеби мұрасының тарихы және оның зерттелуі, ақын даналығы және ұлттық рухани құндылықтар, «Абайтану» пәнін оқытудың өзекті мәселелері сынды жайттарды қаузады. Нақты ұсыныстарын білдірді. Ақынның өміршең поэзиясын насихаттаудың тың жолдарын айтты.

Сондай-ақ конференцияға Түркияның Еге университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Х.Досмұхаметов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, «Қайнар» академиясы және Еуразия гуманитарлық институтының оқытушылары мен жас ғалымдары қатысып, өзара пікір алмасты.

Басқосу соңында арнайы қарар қабылданды. Қарарда жоғары оқу орындарында Абай мұрасын насихаттау үшін арнайы дәрісханалар ашу, «Абайтану» курсын әдістемелік-теориялық тұрғыдан оқыту, шетелдік университеттермен бірлесіп «Абай орталықтарын» ашу, «Абай әлемі» атты жас ғалымдардың арасында байқау ұйымдастыру сынды мәселелер бар.

– «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп тәмсілдеген Абай туралы, оның поэзиясы жайлы аз айтылған жоқ. Десе де бүгін мен болашақтың алтын діңгегіне айналған ойшылдың тұлғасын толық танып үлгердік деу асығыстық. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығармалары әлі де баршылық. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек. Адамзаттың ақылманы ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қандай болатынын көрсетті. Сынады, сынау арқылы ұлтының өсіп-өркендегенін көздеді. Абайдың ерекшелігі – надандықтың орнына білімпаздықты, тайталастың орнына татулықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, халқымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Себебі нағыз қайраткер ғана туған елін іргелі істерге бастап, орға жығатын емес, өрге бастайтын жол іздейді, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.