Қоғам • 13 Мамыр, 2020

«5-10-20»: Баспана тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде «5-10-20» пилот жобасын іске қосады. Аталған ипотекалық бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады.

«5-10-20»: Баспана тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосылатын жаңа жобаның шарттары қолжетімді. Несие мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын, бастапқы төленетін жарна 10% болатын несиелендіру мерзімі 20 жылға арналған ипотекалық бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж азаматтар қатыса алады. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша қазіргі уақытта аталған бағдарлама дайындық үстінде. Десе де, алдын ала мәлімет бойынша баспана құны Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн аспайды. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 млн теңге болса, басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспауы тиіс.

Сонымен қатар, әкімдік тарапынан салынған баспаналар 1 шаршы метрі үшін Алматы қаласында 240 мың теңгеге дейін, Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақтарда 220 мың теңгеге дейін, Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта 200 мың теңгеге дейін, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында 180 мың теңгеге дейін, басқа айтмақтар бойынша 160 мың теңгеге дейінгі меже бекітілген.

Сонымен қатар, тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімі бұған дейін әкімдіктерде болса, енді бұл құзіретті жаңадан құрылатын «Отбасы банкіне» беру жоспарланып отыр.

– Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынатын болады, – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жыл басындағы тіркелген мәлімет бойынша жергілікті атқарушы органдарда 540 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде 212,5 мың адам мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтіндер ретінде тіркелген. Тізімдегі толық емес отбасылар 120,5 мың адам, ата-анасыз қалған  60,8 мың бала, 1 және 2-топтағы мүгедектер 43,5 мың адам, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар 21,1 мың адам, зейнеткерлер – 18 мың адам, басқа санаттар бойынша 16 мың адам тіркеліп отыр.