Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Түркістан: Мақтааралда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауға алынған

1155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.

Түркістан: Мақтааралда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауға алынған

Сапар барысында Мақтаарал ауданында болып, төтенше жағдайдан зардап шеккен аумақтың тыныс-тіршілігіне қанықты. Алдымен, «Игілік» ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы мектепте орналасқан эвакуациялық бекеттің жағдайын көріп, осындағы тұрғындармен кездесті. 214 адам орналастырылған бұл бекетте қазіргі таңда залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Арнайы дәрігерлердің кезекшілігі ұйымдастырылып, азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауға алынған.

Сондай-ақ, Комитет төрағасы судан зардап шеккен Өргебас елді мекеніне де ат басын бұрды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ.Айтмухаметовпен бірге жиналыс өткізіп, атқарылуы тиіс мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Атакент» ауылындағы №5 мектепте және 500 адам орналастырылған кәсіптік-техникалық мектеп базасындағы эвакуациялық бекеттерде тұрғындардың тамақтану және жатын орындарының  жағдайын көрді. Азаматтармен тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

Мақтаарал ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының жұмысымен танысып, Төтенше жағдай кезіндегі шұғыл әрекет ету алгоритмі мен оның орындалу барысын бағамдады.

Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасындағы апаттың салдарынан Мақтаарал ауданында 845 үй, үш мектеп, бес балабақша, төрт медициналық мекеме және Мәдениет үйі су астында қалды. 55 километрге жуық көпірлер мен жолдар шайылып, 7 639 гектар егістікті су басты.  Қазіргі таңда тұрғындар 10 эвакуациялық бекеттерге орналастырылған.

Тұрғындарға көмекке 600-ден астам адам жұмылдырылды. 303 полицей су басқан ауылдарда ұрлық-тонау әрекеттерінің алдын алу үшін қадағалау қызметін жүзеге асыруда.

Зардап шеккендер қажетті қорғаныс құралдарымен: қолғаптармен, маскалармен және антисептиктермен қамтамасыз етілген. Қандай да бір жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін сақтық шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде.