Көмек керуені жолға шығар алдында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірген. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде этномәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн 325 мың теңгені құрағанын жеткізді. Алматыда 98 тонна күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен химиялық заттар, азық түлік және басқа керек-жарақ жиналса, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен. Гуманитарлық көмек тиелген керуендердің жалпы саны - 20 жүк көлігін құрайды. Олардың ішінде Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды түрлі этнос өкілдері бар. Мұнымен бірге Кентау қаласы Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығынан да көмек келіп жетті.
Мырзашөлге жеткен керуенді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Балабиев, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков пен түрлі этномәдени бірлестіктің төрағалары күтіп алып, көмек қолын созған ағайындарға зор алғыстарын білдірді.
Түркістан облысы