Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Түркістан: Нөсерлі жауын салдарынан бірқатар аудандарда қауіпті жағдай туындады

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нөсерлете жауған жаңбырдың салдарынан болған тасқын су Түркістан облысы Төлеби ауданының Киелі тас ауыл округіне қарасты Сұлтанрабат ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр етті.

Түркістан: Нөсерлі жауын салдарынан бірқатар аудандарда қауіпті жағдай туындады

Ауылдағы Сауран көшесінің 150 тұрғын үйі бар бөлігінде қауіпті жағдай туындаған. Аулаларға су кірген. Тұрғындар аудан орталығы Ленгір қаласына эвакуацияланды. Аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің мәлімдеуінше, тасқын судың арнасын бұру, бөгеу арқылы үйлерді басып қалуына жол бермес үшін облыстық, аудандық төтенше жағдай қызметтерімен бірлесе 180 азамат және 44 арнайы техника жұмылдырылған. Тасқын су Алатау ауыл округінің Екпінді ауылындағы және Ленгір қаласының бірқатар тұрғын үй аулаларына да кірген.

Сондай-ақ қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан Қасқасу ауылдық округіндегі Қасқасу өзені суының деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыды. Қасқасу елді мекенінің ішіндегі 4 бірдей көпірді су алған. Жедел жұмыс тобы судан келген қауіптің алдын-алу жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті жұрт үшін жанама көпір арқылы өту жолдарын қарастырған. Ауданда аталмыш төтенше оқиғаларға байланысты штаб құрылған. Қазіргі таңда жаңбыр басылып, су деңгейі төмендеген, яғни қауіп сейілді.

Жауын - шашын салдарынан Қазығұрт ауданында да тұрғын үйлердің ауласына су кірген жағдайлар орын алды. Жігерген ауыл округі бойынша  30-үйдің ауласына су кірген, 2 қора құлаған. Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері аудан, ауыл әкімдігінен 15 қызметкер 6-техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде. Орын алған жағдайлар бойынша зардап шеккендер жоқ. Келтірілген залал шығындары есептелуде.

Нɵсерлi жауын-шашын Сайрам ауданы тұрғындарын да әбігерге салды. Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы бірқатар үй ауласына су жиналған. Аудан әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар басқармасы басшылығы мен ауыл əкiмдерi тарапынан дер кезінде тиісті алдын алу шаралары жүргізілді.

 

 

Түркістан облысы