Суретті түсірген Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Көлдегі балықтардың жай-күйін білу үшін ғылыми жұмыстар қолға алынып тұрады. Осы ретте өткен жылы мамыр-тамыз айларында республикалық Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай филиалының жүргізген зерттеулеріне көз жүгіртіп көрелік. Бұл жерде тек майқан мен хариустың соңғы 8 жылдағы биологиялық динамикасын ғана алып қарайтын болсақ, қазіргі майқандардың ірі екендігін байқаймыз. Ірілігі сондай, ең үлкендері 1100 грамға дейін тартады. Бұл – 2013 жылғы майқандардың орташа салмағынан 420 грамға көп. Сәйкесінше қазіргі майқандар ірі ғана емес, жас жағынан да ересек. Хариус те осындай. 2020 жылы көлдегі майқан популяциясы 1 миллион, 505 мың дананы (бұл дегеніңіз – 1319 тонна, кәсіптік қоры – 614 тонна) құрады. Көлде 27 мыңға (9,751 тонна) жуық хариус жүзіп жүр. Демек, зерттеулер нәтижесі соңғы жылдары көлде балық саны арта түскенін көрсетеді.
Ал су құзғындарының (баклан) көлге зияны бар ма? Сөз жоқ, олардың пайдасынан зияны көп. Бұл құстар балықты қомағайлана жеп қана қоймай, өздері ұя басқан жерлерді де былғап, бүлдіреді. Сондықтан бір тарап су құзғындарының санын шектеу шараларын қолға алу керек дейді. Алайда бұл «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» туралы заңға қарама-қайшы келеді. Екінші тарап арнайы зерттеу жүргізіп, сараптама жасап, содан кейін барып қандай да бір шешім қабылдаған жөн деп отыр. Қалай десек те, бұл мәселені ғалым-орнитологтар және ихтиологтармен ақылдаса отырып шешкен дұрыс болатын сияқты.
Су құзғындарының балықты қалай жейтінін өзіміз де көріп, куә болып жүрміз. Өткен жылдың қыркүйек айындағы су құстарын санау кезінде біздің қорықтың эколог-инспекторы Эльдар Байырқанов топтала жиналған су құзғындарының жанынан, яғни, көл бетінен екі және бір жылдық өлі майқандарды көріпті. Бұл олардың жас майқандарды құртып, балық популяциясына қаншалықты зиян тигізіп жатқандығын анық көрсетсе керек.
Көл жағалауындағы ауылдар
Балық жайын айттық. Ал осы балықты қорғауға және қызығын көруге тиіс көл жағалауындағы тұрғындар туралы не білеміз? Осы орайда былтыр көл жағалауындағы ауылдардың әлеуметтік-демографиялық жағдайын білу мақсатында Марқакөл қорығының қызметкерлері арнайы рейдке шыққан болатын. Сонда көз жеткізгеніміз мынау, бүгінде Марқакөл көлінің жағалауында тұрақты түрде 380-нен астам адам тұрады. Олар төрт ауылды мекен етеді. Оның үшеуі қысқартылған, картадан өшкен елді мекендер. Мұнда әзірге тұрғындары көп көшпей, оты өшпей отырған негізгі ауыл – дәл көлдің жағасындағы Ұранқай ауылы. Ұранқайда 105 түтін бар, 365 адам тұрады. Марқакөл мен ауданды, одан әрі Өскеменді жалғайтын жол осы ауылдың үстімен өтеді. Марқакөл өңіріндегі жаңа технологиялардың қызығын көріп отырған жалғыз ауыл да осы – Ұранқай. Мұнда интернет те бар, ұялы телефон да ұстайды. Қорық та, орман шаруашылығы да, ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) та, метеостанса да, пошта бөлімшесі де, сауда дүкендері мен жанар жағармай стансасы да – осында. Ауылдағы орта мектепте 60 бала оқиды, 20-дан астам балдырған шағын орталыққа барады. Ал Ұранқайдан 16 шақырым жердегі жоғары Қарағайлыбұлақ (жергілікті жұрт Еловка дейді) ауылында 4 үй бар. Қорықтың инспекторы осында тұрады. Төменгі Қарағайлыбұлақта бір ғана үйден түтін шығады. Үй болғанда, бірнеше жыл бұрын салынған, бұрынғы тұрғындардың избушкаларынан құралған шағын коттедж. Қалған үйлер қаңырап бос қалған. Көл жағалауында бар-жоғы үш қана үйден тұратын Матабай деген де ауыл бар. Үш үйде – бес кісі. Оның екеуі – қорықтың инспекторлары. Жалпы алғанда, жағалаудағы тұрғындардың 15-і ересек адам болса, үшеуі – кішкентай бала. Жұмыссыз тұрғындардың негізгі тіршілік көзі – бау-бақша мен төрт түлік. Мынау әлемде не болып жатқанын олар спутниктік табақшалар арқылы ғана біледі. Кешке қарай бензин құйылған электр құрылғысын қосып, шам жағып, теледидар көреді. Қарағайлыбұлақ тұрғындары ұялы телефонмен сөйлесу үшін көлге жақын тауға келеді. Матабайда ұялы телефон ауылдың кейбір тұстарында ғана ұстайды.
Әрине, қаншама аумақты алып жатқан қорықты, ондағы үлкен байлық – балық пен аң-құсты қорғау оңай шаруа емес. Бұл орайда қорықшылардың біліктілігін арттыру, қорықты толық бақылауда ұстау үшін жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор. Осы ретте бізге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жақсы қолдау білдіріп, көл үстін еркін әрі жедел қадағалауға мүмкіндік беретін заманауи екі моторлы қайық алуға көмектесті. Пилотсыз басқарылатын «Дрон» құрылғысы мен GPS навигатордың да пайдасы көп. Қорық сонымен қатар жаңа УАЗ «Patriot» көлігі мен «Patrull-Tayga» жол талғамайтын қар шанасына қол жеткізді. Қазір қорыққа өртке қарсы пайдалануға болатын, жол талғамайтын ГАЗ-3308 «Садко» маркалы көлігі мен мобильді бекеттерді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін екі жылжымалы стационарлық модуль алу мәселесі қарастырылуда. Қорықтың ғылыми бөлімі майқан популяциясының азаюы мен су құзғындарының не себепті көбейгенін зерттеумен шұғылдануда. Жергілікті тұрғындармен де бірлесе жұмыс істейміз. Бір сөзбен айтқанда, алда жоспар көп. Басты мақсат – ғажайып мекен Марқакөлді сақтау және қорғау.
Тимур АЙКЕНОВ,
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы