Руханият • 14 Мамыр, 2020

Мәнді марафон

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапхананың ұйым­дас­тыруымен «Жеңіс­ке тағзым» атты халықара­лық онлайн-кездесу өтті.

Мәнді марафон

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік­пен қаза тапқан майдан­герлерді еске алып, өскелең ұрпақ­ты ру­хани, адам­гершілік және пат­риоттық рухта тәрбиелеудің не­гізгі факторлары ретін­де қоғам­­дық татулыққа ерек­ше мән беруді мақсат тұтқан онлайн-мара­­фон Ұлттық академиялық кітап­­х­а­­на­ның басшысы Үміт­хан Мұ­ңал­­баева­ның модератор­лығымен өтті.

– Біздің халқымыздың майдан­дағы орасан зор күш-жігерінің, тылдағы ерліктерінің арқасында Ұлы Жеңіс күніне жетті. Қазақ­стан халқының да осы бір өмірдің қатал емтиханына төтеп бергенін мақтан тұта айта аламыз. Бұл соғысқа бір жарым миллион қазақстандық қатысты. Адамдардың жүрегінде Отан қорғаушыларға деген құрмет әрқашан өмір сүруі керек, – деп сөз бастаған жиын модераторы сұм соғыстың ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.

Онлайн-кездесуге қатыс­қан Ресей мемлекеттік кітапхана­сының бренд-менеджері Наталья Шкуднова 75 жылдықтың қар­саңында жасалып жатқан жұмыс­тарымен бөлісіп:

– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Кітапхана түні. Біздің жеңісіміздің естелігі» атты жобаны қолға алдық. Бұл жобаға қазақ­стан­дықтар да қатысты. Әрбір қа­тысушы Ұлы Отан соғысы тақы­­­ры­бында шығармалар оқып, бейне­роликтерін әлеуметтік желі­лерде жариялады. 4000-нан ас­там кітапханадан әртүрлі жұ­мыс­тар келіп түсті. Жалпы, он­лайн-мара­фонға 40 000-нан астам адам қатыс­ты. Сондай-ақ өлең оқып жол­даған балалар да болды, – деді.

Тарихы тереңнен тамыр тартатын Ұлттық кітапхана қызмет­керлерінің басым бөлігі майдан­ға аттаныпты. Атап айтсақ, ағайынды Ахметовтер, Иван Ван­даренко, Владимир Маха­виков, кітапхана директоры Мұх­тар Жанғалин бар. Барлығы 20 адам болған: оның ішінде 10-ы қыз бала. Бұл туралы Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова айтты. Сондай-ақ:

– Соғыс жылдарында біздің кітапх­ананың оқу залында Толс­той, Успенский, Аб­рикосов, Чер­касовтар жұмыс іс­те­ген. Бұл кісілер Кеңес Ода­­ғы­­­ның ерекше талантты, шы­ғар­­машыл тұлға­лары болатын. Алматыда «Иван Грозный» фильмі түсі­рілгені жөнінде Ұлт­тық кітап­хананың сирек кітап­тар және қолжазбалар бөлімін­де Эйзенштейннің фильм түсірілі­мінен соң түскен 8 сурет салған дәптері сақтаулы тұр. Мұн­да әртіс­тердің киімі қалай болуы керектігі жазылған. Бұл дәптерлерді сол кезде режиссерден кітапхана директоры 1300 рубльге сатып алған екен, – деп сөзін жалғады.

Шығыс Қазақстан облысы­ның 109 тұрғыны Кеңес Одағы­ның Батыры атағын алғаны туралы баян­даған А.Пушкин атын­­дағы Шығыс Қазақстан облыстық кітап­ха­наның директоры Бибігүл Шагиева:

– Кейінгі өлкетанушылар бұрын көтерілмеген тақырыптар ая­сында зерттеу жұмыстарын жүргі­зіп жатыр. Ұлы Отан соғы­сына қатысқан әрбір батыр туралы библиографиялық зерттеу жинақ­талуда. Бұл базада зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп, тың ақ­парат­тармен толықтырылуда. Со­ғыс­қа жіберілген 10 оқ-дәрінің 9-ы Өске­мен қаласындағы зауыттардан шығарылған. Батырларымыздың аналары, жұбайлары, тіпті балалары да бір кісідей жұмылып, егін алқаптарында, жұмысшы күшін қажет етілген өндіріс орындарында қызмет еткен, – деп ой тарқатты.

Кездесу барысында ҰАК қор­ларын­дағы соғыс туралы кітап­тар мен соғыс жылдарындағы кітапханалардың тарихы туралы қызықты деректер қамтылып, арнайы көрме ұйымдастырылды. Шара соңында онлайн қатысушы қонақтар «Тыр­налар» әнін бірге шырқады.