Біз Отан күзетіндеміз. Теңізде де, құрлықта да қорғанысымыз күшті. Ал әуе қорғанысында күнге де тіктеп қарай алатын қырандай қырағы біздің зениттік зымыран дивизионы тұр.
Жоғарғы Бас қолбасшысының, Қорғаныс министрлігінің атқарып келе жатқан қыруар жұмысы ең алдымен ел әскерінің қуатын арттыруға негізделген. Әскери адам ретінде оны бір кісідей сезінемін. Көк Туымыз көкте желбіреп тұрғанда, оның мызғымастығын көздейтін сарбаздар үнемі сапта тұрады.
Менің ата-анам әскери адамдар еді. Әкем де, шешем де Отан қорғау ісінің білікті мамандары болды. Сондықтан болар, бала күнімнен бері не бағдарламалаушы, болмаса әскери адам болатыныма сенімді едім. Отбасылық игі дәстүрді менің де жалғастырғым келді. Алайда әскери өнерді игеру үшін құрлық немесе шекара әскері училищелеріне баруды көздегем жоқ. Арнайы мамандығым болса дедім. Осы мақсатпен электроника және байланыс әскери инженерлік институтына түстім. Ұшуды аудио-техникалық қамтамасыз ету факультетіне оқуға қабылдандым. Себебі балдырған кезімнен нақты ғылымға бейімім бар еді.
Оқуымды ойдағыдай аяқтаған соң, білімімді жетілдіру мақсатында Белоруссиядағы әскери институтта тәлім алдым. Сегіз айға созылған оқу мерзімі аяқталған соң, 2009 жылы Қазақстанға қайтып оралып, 44813 әскери бөліміне әскери қызметке бекідім. Осынау 11 жыл мерзім аралығында кіші лейтенант шенінен дивизион командирі лауазымына дейін жоғарылап, майор шеніне қол жеткіздім.
Әскери дивизион командирі болу – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дивизион офицері инженер болу тиіс. Істен шыққан техниканы қалпына келтіре білуі қажет. Әскери міндетіміз – жаудың әуе шабуылына тойтарыс беру. Қажет болған жағдайда дұшпанның аэродинамикалық нысаналарының, тактикалық, баллистикалық ракеталарының көзін жоюға қауқарлымыз. Яғни астанамыздың ашық аспанын ұдайы күзетіп тұрмыз десем де болады. Сондай-ақ жас сарбаздардың жауынгерлік тәжірибелерін де жетілдіреміз. Шеберлігімізді оқу-жаттығу алаңдарында, полигондарда шыңдап, түрлі әскери ойындарға, сайыстарға қатысамыз. Мәселен, 2016 жылы Ресей Федерациясында өткен «Аспанның кілті» сайысына қатысып, жүлделі 3-орынды иелендік. Сондай-ақ күні кеше Отан қорғаушы күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қосқан үлесім ескеріліп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталдым.
Әр әскери қызметшінің Отан алдындағы басты парызы – туған еліне қалтқысыз қызмет ету. Ел сарбаздары бұл міндетті абыроймен арқалап келеді.
Александр ТОМИЛИН,
Қорғаныс министрлігі 44813 әскери бөлімі С-300 зениттік зымыран дивизионының командирі, майор