Тимур Урманчеевті бұл жобада тек пианист ретінде ғана таныған жоқпыз. Музыкант әр шығарманы бастамас бұрын композиторлар мен туындының төл тарихын қызғылықты етіп әңгімелеп, өнер жайында жаңа бір сыр шертті. Бұл көрермендерге музыканы тереңірек түсінуге, автордың ішкі толғанысын өзінше сезінуге мүмкіндік берді.
– Концерттің форматы өте ерекше: бағдарлама бойы (екі сағатқа жуық) бірде-бір секунд бойыңды еркін ұстауға мүмкіндік жоқ, өйткені үнемі көрерменнің назарында боласың. Басқа әртістер өнер көрсетіп, не болмаса жүргізуші сөйлеген уақытта сахнаның сыртына шығуға да мүмкіндік табылмайды. Тіпті көрерменнің ықыласы сезілетін қол шапалақтары естілмейді. Бұл құбылыс жат көрінгенмен, өте қызық және жаңа әсер сыйлайды! Карантин кезіндегі онлайн концерттер әртістерге көрермендермен байланысты жоғалтпай, орындаушылық шеберлікті шыңдауға жақсы мүмкіндік берді. Бұған қоса, өнерсүйер қауым да үйден шықпай, сүйікті әртістерінің өнерін тамашалай алады. Тікелей эфирдегі концерттер көрермендер арасында жоғары сұранысқа ие болды. Тіпті қазіргі уақытта, біз, әртістер, тыңдарман қауым карантиннен кейін концерттік залдарға келе ме екен деп алаңдаймыз, – дейді ол.
Концертте вокалдық музыка аспаптық әуенмен тамаша үйлесті. Оның шақыруымен концерттік бағдарламаға трионың мүшелері, талантты музыканттар – скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман және виолончелші Мұрат Нарбеков, сондай-ақ белгілі әнші Азамат Жылтыркөзов қатысты. Вокалист қазақтың халық әні «Алқоңыр», Б.Шереметевтің
«Я вас любил», Э.Григтің «Люблю тебя», Ф.Шуберттің «К музыке» және т.б. көптеген шығармаларды жан-дүниесімен орындады. Кеште баршаға таныс композициялар шырқалды, атап айтқанда, «Япурай», П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен интермеццо, М.Равельдің «Скерцо» және өзге де туындылар тыңдарманға жол тартты.
Ерекше қошеметпен қарсы алған өнерсүйер қауым керемет музыка, ерекше жылы, жайлы атмосфера үшін алғыс айтып, музыканттар мен көрермен арасындағы қашықтық сезілмегенін айтып, қошемет білдіріп жатты. «Музыканттарды осыншалықты жақын көріп, орындау көркемдігін, барша қимыл-қозғалыстың әсем кербездігін, сезімтал жүздерін, тіпті трионың жоғары кәсібилігіне қарамастан, әртістердің сәл қобалжыған сәттерін бақылау ерекше көңіл күй сыйлады!», деді тыңдарманның бірі.