Спорт • 14 Мамыр, 2020

Даңқтылар көшін Карелин бастап тұр

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 116 жыл бұрын, яғни 1904 жылдың 23-26 мамыры аралығында Аустрияның астанасы – Венада грек-рим күресінен әлем чемпионатының тұсауы кесілді. Ресми түрде тұңғыш рет ұйымдастырылған балуандар бәсекесінде 26 үміткер күш сынасты. 75 кило салмақ дәрежесінде швециялық Северин Ахлквист топ жарса, +75 кило салмақта жергілікті балуан Рудольф Арнольд алдына жан салмады.

Даңқтылар көшін Карелин бастап тұр

Бүгінгі мақаламызда біз грек-рим күресінен өткен әлем чемпионаттарында ең көп жүлде алған балуандар жа­йында әңгімелеуді жөн көріп отырмыз. Бұл ретте Ресей батыры Александр Каре­линнің алдына түсетін ешкім жоқ. 1989 жылы Швейцарияның Мартини қаласында аса ауыр салмақта айқасып, тұңғыш рет әлем чемпионы атанған ол, қатарынынан тоғыз жыл бойы сол тұғырдан төмендеген жоқ. Содан кейін «Орыс аюы» Остия, Варна, Стокгольм, Тампере, Прага, Вроцлав және Евледе жеңімпаз атанды. Соңғы рет 1999 жылы Афинада бас жүлдені олжалады. Ол кезде Александр 32 жаста еді. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олим­пия ойындарында күміс медальді қанағат тұтқан соң Карелин үлкен спортпен қош айтысты.

Сібірдің саңлағына балуандық өнер­дегі көптеген рекорд тиесілі. Ең ке­реметі, даңқты спортшы 13 жыл бойы адам баласынан жеңілген емес. Сонымен қатар, түрлі жарыстарда ол алты жыл бойы қарсыластарына соқыр ұпай да ұстатпаған екен. Айтулы ба­луанның одан да басқа толып жатқан атақтары бар. Бұл күндері 53 жастағы Александр Карелин – Ресейдің Мем­лекеттік Думасының депутаты.

Иран мақтанышы Хамид Сориан әлем чемпионатында алты мәрте алтын тұғырдан қол бұлғады. Жеңіл сал­мақ­тарда өнер көрсеткен ол 2005-2010 және 2014 жылдарғы жарыстарда жасындай жарқырап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар 34 жастағы Сорианның есімі Иранның грек-рим күресі шеберлері арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды.

Жоғарыда есімдері аталған қос саң­лақты басып озуға Михаин Нуньес Ло­пестің жақсы мүмкіндігі бар. Куба­лық қабылан биыл 38 жасқа толатынына отырғанына қарамастан әлі де бабында, қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып жүр. 2005-2015 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарында Лопес 5 алтын және 3 күміс медальді олжалады. Тағы бір айта кетерлігі, Бос­тандық аралының өкілі Олимпия ойын­дарында үш рет дара шықты. Егер Токиода топ жарса, оның есімі спорт­тық жекпе-жек түрлері бойынша Олим­пиаданың төрт дүркін чемпионы атанған тұңғыш балуан ретінде тарихта алтын әріптермен жазылып қалары хақ.

Кезінде Ресейдің туы астында өнер көрсеткен тағы бір дүлдүл Гоги Ко­гуашвили 1993-1999 жылдар ара­лығында өткен дүниежүзілік додаларда бес рет дараланып, бір мәрте қола медальді мой­нына ілді. Ол – Гру­зияның Кутаиси қаласының тумасы. Тоқсаныншы жыл­дардың басында Мәскеуге қоныс аударды. Бір өкініштісі, талай жыл бойы 90 және 97 кило салмақ дәрежелерінде төрткүл дүниенің теңдессізі атанып келген Гогиге Олимпиадада топ жару бақыты бұйырмады. Ол тек Барселонада қола медальді иеленумен ғана шектелді. Қазіргі кезде 46 жастағы Когуашвили Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарады.

Тағы төрт балуанның әлем чемпио­натының бес дүркін чемпионы деген мәртебелі атақтары бар. Солардың ара­сынан Валерий Резанцевті бөле-жара атасақ, еш айыбы жоқ деп ойлай­мыз. Себебі ол – біздің жерлесіміз. Резан­цев Ресейдің Тула облысында туып-өскенімен, жалындаған жастық шағы Қазақстанда өтті.

Жалпы, Резанцевтің спортқа келу тарихы да қызық. Оны әйгілі бапкер Вадим Псарев Алматыдағы көп кө­шелердің бірінде кездейсоқ кезіктіріп қалады. Жолдың жиегінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бір топ адамның арасынан бұлшық еттері ойнақтаған, шомбал әрі шымыр жігітке қырағы маманның бірден көзі түседі. Шілденің шіліңгір ыстығында ол зілдей тастарды оп-оңай көтеріп, рет-ретімен орындарына жайғастырып жатады. Соған таңданған бапкер оны күреспен ай­налысуға үгіттейді. Уақыт оза Ре­зан­цевтің атағы алысқа жайылғаны бел­гілі. Жетпісінші жылдары ол 90 кило салмақта белдесіп, Олимпиаданың екі, Еуропаның үш және әлемнің бес дүр­кін чемпионы атанды. Бұл күндері 73 жастағы Валерий Григорьевич Мәс­кеуде тұрады.

Сонымен қатар әлемдік додада бес рет дараланған балуандар қатарында Болгарияның мақтанышы Александр Томов пен КСРО-ның қос саңлағы – Николай Балбошин және Виктор Игуменов бар. Бұл күндері 77 жастан асқан Игуменов 1966-1971 жылдар аралығында атой салды. Томов пен Бал­бошин түйдей құрдас. Екеуі де 1949 жылы туған. Жетпістен асқан ардагерлер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жасындай жарқылдаса, егде тартқан жанкүйерлердің оларды ұмыта қоймағаны анық.