Саясат • 14 Мамыр, 2020

Ұлттық бизнеске қолдау жасалады

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық індеттің елімізде кең таралмауына жол бермеу, оның салдарымен күресу мақсатында құрылған төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын қорытындылады. Бұл бірақ қауіп-қатердің толық сейілгенін аңғартпайды. Сондықтан сақтық шараларын әлі де қатаң сақтап, қалыпты тіршілігімізге біртіндеп оралғанымыз жөн.

Ұлттық бизнеске қолдау жасалады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент пандемия қаншама сала­ның жұмысына тұсау болғанын, ілгерінді істер іркіліп қалғанын айта келе, дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басым бағыттарын атап көрсетті. Осынау сын сағатта халықтың амандығымен қоса әл-ауқатының да жақсы болуы үшін экономиканы дамытуға ерекше серпін беру маңызды болып тұр. Сондықтан Мемлекет басшысының мәлімдемесінде негізінен ел тұрмысын көтеру мәселесі баса айтылды.

Ұлттық бизнесті қолдауға басымдық беру ерекше назарға алынбақ. Біздің кәсіпкерлер еуразиялық экономикалық кеңістікте көптеген кедергіге тап келеді. Мысалы, Ресей, Беларусь сияқты елдердің конкурстарына қатыса алмайды. Сондықтан біз, ең алдымен, өзіміздің бизнеске барынша жағдай жасап, заңға өзгерістер енгізуіміз керек. Бұл тұрғыда депутаттар кезінде біраз ұсыныс жасады. Президенттің пәрменімен осы бағыттағы жұмысты күшейтудің мүмкіндігі туып тұр.

Мәлімдемеде индустрияландыру үдерісіне қатысты ұстанымды қайта қарау назарға алынды. Дайын тауарларды сырттан әкелгеннен гөрі отандық өндірісті мықтап қолға алу – қазіргі күннің талабы. Мемлекет басшысының Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жергілікті мүмкіндікті пайдалану деңгейін 40 пайыздан 60-70 пайызға дейін жеткізу керек дегені өте орынды. Айталық құрылыс материалдарына қоса ауыл шаруашылығы техникаларын да өзімізде шығаратын болсақ, қолымыз біраз ұзарып қалатын еді. Сондықтан осындай алға бастайтын жұмысты қолға алған кәсіпкерлерді барынша қолдап, салықтан босатуымыз қажет.

Бизнеске кеңінен мүмкіндік жасасақ, ол әрі қарай дамып, біраз мәселенің шешілуіне септігін тигізеді. Өндіріс күшейіп, жұмыс орындары көптеп ашылып, халықтың да еңбекпен қамтылу көрсеткіші жоғарылайды. Ал бизнестің аяқтан нық тұрып кетуі үшін қаржылық қолдау қажет. Сондықтан кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге банктердің қолғабыс еткені маңызды. Яғни кәсіпкерлерге қарастырылатын несиенің пайызын төмендету керек.

Қазіргі қысылтаяң шақта азамат­тарға түрлі әлеуметтік көмек беріліп, ерекше қамқорлық жасалып жатыр. Ендігі жерде отандастарымыздың тұр­мысы жақсы болуы, табысын арттыруы үшін экономиканы дамытуға серпін беру күн тәртібіндегі бас­ты мәселе болмақ. Бұл бағытта Пре­зи­денттің тапсырмалары тиімді жүзеге асады деп сенемін.

 

Сапар АХМЕТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты