Төтенше жағдай тоқтатылса да, карантин тәртібін сақтау қажеттігін ұмытпаған жөн. Ақпарат құралдарына сенсек, көршілес Қытайда сәуір айында вирустың екінші толқыны болған. Яғни бұл сақтық шараларын сақтану керектігін білдіреді. Ресейдегі жағдай бәрімізге мәлім. Бір аптада ғана вирус жұқтырған адамдар саны күрт өсіп, тоғызыншы орыннан үшінші орынға көтерілді. Ресей – көршілес мемлекет, сонымен қатар ЕАЭО мүшесі. Біз де осы жағдайды ескеруіміз қажет.
Президент мәлімдемесінің негізгі мақсаты – эпидемиялық жағдайдан экономикалық саясатқа қарай бет бұру. Қ.Тоқаев айтып өткендей, Үкіметтің алдын ала қабылданған шараларының нәтижесінде вирустың таралуын тежедік. Ендігі кезекте пост-пандемиялық кезеңдегі экономиканы ұмытпауымыз қажет. Экономика бұдан әрі қалай дамиды, қандай тетіктерді қосу қажет, қандай салаларға ден қою қажет деген сауалдарға жауап іздеген абзал. Қазақстан бұдан былай қандай экономикалық саясатты ұстанатынын да қазірден белгілеу керек. Қазір барлық әлем ауыр жағдайда. Сондықтан мұның біздің мемлекетке де әсері болуы мүмкін. Үндеудің басты мазмұнына қайтып оралсақ, карантин шараларын сақтау әлі де өзекті екенін естен шығармаған жөн.
Ерлан Мәдиев,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы