Қоғам • 14 Мамыр, 2020

Ақырет аралы

1462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрынғылардан қалған мынадай бір тәмсіл бар: Ертеде  бір мемлекетте патшасы дәл он жыл билік құрғаннан кейін оны тақтан алып, арнайы кемеге отырғызып, елсіз бір аралға тастап қояды екен.

Ақырет аралы

Осылай патшалықтың тізгінін жаңадан  қолына алған келесі бір жаңа патша ызаға булығып, өзінің уәзіріне былай депті:

-Мен де күндердің күнінде алдыңғы патшалар секілді қиын тағдырды бастан кешпекпін бе?! Мен де алдыңғылар секілді елсіз аралдың шөл-даласында аптап-ыстыққа зарығып, қиналып өмір сүруге үкім етілмекпін бе?!..

Сонда уәзірі былай деп кеңес беріпті:

-Құрметті патшам, сіз елсіз аралда өмір сүруді қаламасаңыз, патшалық кезеңіңізді тек рахатта өткізбей, өміріңіз бен мал-дүниеңізді ақыры өзіңіз баратын елсіз аралды гүлдендіруге  сарп етпейсіз бе?!

Бұл сөзді естіген патша терең ойланып көрсе… Уәзірдің айтқаны хақ екен.

Жоғардағы тәмсілді тәпсірлеп көрелік:

Патша – тәмсілдің бас кейіпкері. Яғни, әрбір адам өзі үшін өзі патша. Ал, иманы мен ақылы – оның уәзірі. Бұл екеуі егіздер секілді бөле-жаруға келмейтін біртұтас ұғым. Ақыл жоқ жерде иманды іздеудің жөні жоқ, иман жоқ жерде ақылды да іздеудің қажеті шамалы. Демек, иман мен ақылымыз біз үшін – дана кеңесшіміз.

Ал, кеме – табыт. Адамдардың көрер күні, тағдыры сол – бір күн болмаса бір күн өзінің тағынан түседі, яғни ғұмыры бітеді. Сол бір кемеге, яғни, табытқа салынады. Елсіз арал – біздің баратын орнымыз (көріміз). Қысқаша айтқанда, ақирет аралы. Егер біз бұл өмірде дүниелік істермен ғана шектелсек, әлгі баратын аралымыз расында елсіз-сусыз қалып, құм-даладан ғана түзілген болады. Егер, хақ жолымен жүріп, жақсы амалдарды көп істесек,  әлгі елсіз аралды көркейткен боламыз. Барар орнымыз шөл-дала, тозақ азаптары емес, жәннәт бақтары болады. «Ақиретің қайырлы болсын!» деп дұға еткенде әсілі осы нәрсе назарда тұрса керек. Баршамыздың ақиретіміз қайырлы болсын! Демек, ақирет аралын Фирдоус бақтарымен қайырлы қылуымыз  - өзіміздің тірідегі амалдарымызга байланысты екен. Хазіреті Әли (р.а) айтқанындай: «Жәннәтқа ынтыққан адам –  жақсылық етуге асығады, жәһәннәмнан қорыққан адам – нәпсісін жаман іс-әрекеттен қайтарады. Өлімді хақ деген адам – дүниенің қызықтарына бой алдырмайды».