Қоғам • 14 Мамыр, 2020

Адамға мысық шапқаны не сұмдық?

2440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң дүйім жұрт жеңіспен бірге Абайдың 100 жылдық  мерей тойын республика көлемінде бірге атап өткені белгілі. Негізгі той Семейде өтеді. Тойдың бас палуанына тағайындалған бәйгені арысқа түспей-ақ Қажымұқан атамыз алады.

Адамға мысық шапқаны не сұмдық?

Жасы 74-ке аяқ басқан Қажекеңді халқы құрметтеп, күрестірмей-ақ бас бәйгені берген. Содан балуан атамыз еліне барып үлкен той жасайды. Себебі,  Қажымұқан балуан Абайдың баласы Тұрағұлмен дәм-тұзы араласқан дос болып, Көкбай Жанатайұлын ақылшы тұтқан адам.

Жоғардағы балуанның тойын көріп куә болған жергілікті жердің қаламгері Әдіһам Шілтерханов көлемді әңгіме жазған. Осында мынадай бір оқырманды елең етерлік эпизод бар. Оқиға Қажымұқан балуанның өзінің айтуы бойынша беріліпті. Ұзын-ырғасы былай:  Оңтүстік өңірде, Арыстан баб кесенесінің Сыр жақ бетінде Қаныттоғай дейтін нулы-сулы, қамыс-құрақты жер бар. Осы өлкеде алып күш иесі Бақтияр дейтін балуан өмір сүрген. Бұл кісіні  Қажекең өзі  көзімен көрген, барып сәлем берген. Қажекең айтады екен: «Бақтияр балуан қиын заманда туып, бейнеттің астында өткен адам екен. Әр қабырғасының үлкендігі үш елі. Аяқ-қолының ірілігі менен бес есе. Күші де артық. Әттең бағы жанбаған адам».

Ел аузында Бақтияр балуанның жолбарысқа қылыш сілтеп қақ айырып тастағаны жайында айтылатын әңгіменің анық-қанығын білмекке құмартқан Қажекең осы оқиға жайында балуан ағасынан сұрайды. Сондағы Бақтияр балуанның айтқаны: Қаныттоғайда менің жас кезімде жолбарыс болған. Аң патшасының жымын білетін былайғы жұрт тоғай арасындағы жолмен өлсе де жүрмейді. Тек менің әкем ғана қорықпай жолбарыстың жымын кесіп өте беретін. Азамат жасына жеткен соң мен де сол жолмен жүріп көрмекке бекіндім. Жүрдім, маған жолбарыс шапты. Қылышымды суырып алдымда шауып тастадым. Содан үйге келіп әкеме айтым.

– Әке, мен жолбарысқа тап болдым.

– Балам, оны не істедің?

– Қақ бөліп шауып тастадым.

Әкем бір түрлі күңіреніп кетті. Япырым-ай бұл не сұмдық, адамға мысық шаба ма екен. Мен өтіп жүргенде басын екі бұтының арасына қысып алып қыбыр етпей жататын. Оның шапқанына қарағанда менің ұрпағым ұсақталып кеткен екен ғой. Аңның айбарын қайтаратын мысың  жоқ екен сенің, деп ренжіп жатып қалды. Бұрынғы қазақтар осындай болған екен.