Қазақстан • 14 Мамыр, 2020

Шымкент, Ақтау және Оралға әуе рейстері ашылды

142 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шымкент, Ақтау және Орал қалалары арасындағы әуе рейс қалпына келтірілді.

Шымкент, Ақтау және Оралға әуе рейстері ашылды

Бүгін Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес жоғары температурасы немесе жөтел, ентігу, тыныс алуының қиындауы сияқты ауру белгілері бар адамдар әуежай ғимаратына және бортқа жіберілмейді. Мұндай жолаушылар карантинге жіберіліп, оқшауланады.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, аталған үш қалаға қатынайтын әуе тасымалы кезінде әлеуметтік қашықтық, сауалдама, маскалық режім, терминал ғимаратына шығарып салатын адамдарды жібермеу, байланыссыз термометрия және басқа да талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Бұған дейін коронавирустық инфекция бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарай ішкі авиарейстер кезең-кезеңмен қайта қалпына келтірілетіні айтылған болатын. Сондықтан әзірге ішкі әуе рейстер тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан маңызы бар қалаларға ғана ашық. Ал өңірлер арасындағы әуе тасымалы әлі қалпына келтірілмейді.