14 Мамыр, 2020

Университет: Кенорындарын игеруге қатысты онлайн конференция өтті

144 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ш. Есенов атындағы КМТИУде Геологтар күні мен ғылым қызметкерлері күніне арналған «Қиын өндірілетін көмірсутекті кен орындарды игерудің геологиялық және технологиялық аспектілері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізілгені туралы айтып берді.

Конференцияның мақсаты: геология, гидрогеология және мұнай мен газ өндіру саласындағы жаңа игерімдермен танысу, ғылыми ақпаратты алу, өңдеу және практикалық пайдалану бойынша тәжірибе алмасу, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтау, экономикалық және экологиялық тиімділікті негіздеу. Сондай-ақ, конференцияда су ресурстарын пайдалану саласындағы өзекті мәселелер қозғалды.

Қиын өндірілетін қорларды игеру - Қазақстанның барлық мұнай-газ саласының қазіргі міндеті, сондықтан Ш. Есенов атындағы КМТИУ үнемі халықаралық деңгейде конференциялар өткізіп тұрады, ол әр түрлі жобалар аясында біздің және біздің серіктестеріміздің жинақталған тәжірибесімен алмасуға мүмкіндіктер береді. Біз қиын өндірілетін қорларды игеру үшін жаңа технологияларды қолдануда алға жылжыдық, алайда мұнай және мұнай сервистік компаниялардың, ғылыми институттардың тәжірибесі мен ғылыми қарқынын біріктіру ғана қиын өндірілетін мұнайды өндіруді сапалы жаңа деңгейге жеткізе алады, деп атап өтті «Мұнайгаз инжиниринг» кафедрасының доценті Р.Баямирова.

Конференцияға Қазақстан Республикасының және жақын шетелдердің мұнай-газ саласындағы ғалымдары мен жетекші мамандары қатысты. Конференцияның модераторы т.ғ.д. «Мұнай-газ Инжиниринг» кафедрасының профессоры С. Закенов болды. Сонымен қатар Yessenov University ректоры Б. Ахметов кіріспе сөз сөйледі. Ол пандемияға қарамастан, ақпараттық технологиялардың арқасында мұнай-газ саласындағы ғылыми өзекті мәселелерді бірлесіп жүргізіп, талқылап отыруды атап өтті. Алайда, бүгінгі таңда мұнай-газ өнеркәсібі қиындықтарға тап болып отыр, осыған байланысты Маңғыстау өңірінің проблемаларын, сондай-ақ аграрлық кешенді дамыту үшін су ресурстарымен қамтамасыз етуді талқылау қажет, өйткені өңірдің осы саладағы қиындықтары өзекті мәселе.

Конференцияда «Батысқазжерқойнауы» Өңіраралық Департаменті Маңғыстау өңірлік инспекция басшысы А.Келбет «Маңғыстау тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жолдары» тақырыбында баяндамасында өңірдің тұрғындары суды қандай көздерден тұтынатыны, тұтынылатын судың сапасы туралы мәліметтер келтірді. Сондай-ақ, өңір тұрғындары су тазарту сүзгілерін белсенді пайдаланатынын атап өтті. Алайда, зиянды компоненттермен бірге суды тазарту судан адам ағзасына қажетті және басқа да минералды заттарды шығарады. Осы мәселенің шешімін табу бойынша ұсыныстар де қозғалды.

«Khazar Global Logistics Company» ЖШС техникалық директоры Т. Мурунов «Суды залалсыздандыру және тазартудың инновациялық технологиялары» тақырыбында баяндама жасады. Инновациялық технологияларды тартпай бұл мәселені шешу мүмкін емес. Ресей Федерациясымен бірлесіп Инновациялық негізде ағынды суларды залалсыздандыруды ұсынды. Осы технологияны қолдану ағынды суларды ұтымды пайдалануға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді деп мағлұматтар берді.

«Маңғыстау-Геология» ғылыми-өндірістік орталығы  ЖШС директоры А. Гавашелишвили «Маңғышлақ жер асты сулары» тақырыбы бойынша  баяндамасында аймақтағы жер асты суларының бекітілген қорын келтірді. Жалпы саны 67 бірлікті құрайды. Су көлемі мен құрамы туралы айтты. Қолдануға жарамды кен орындары мен учаскелердің саны 45 бірлікті құрайды, оның 29-ы ғана пайдаланады, ал қалған 16 кен орны пайдаланылмайды. Сондай - ақ, емдеу-сауықтыруға қолданылатын кен орындар да атап өтілді. Бірақ өңірде тек бір ғана «Шағала» шипажайы жұмыс істейді, қалғандары сұранысқа ие емес. Бұл мәселелерді шешу үшін жер асты су учаскелерінде қорларды барлауды жаңғырту және қорларын қайта бағалау жұмыстарын жүргізу ұсынды. Әрине, бұл жұмыстарға уақыт пен қаражаттық қолдау қажет.

Азербайджан Ұлттық ғылым академиясының докторанты И. Пиривердиев «Бұрғылау кезінде біріктірілген геологиялық, геофизикалық және технологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша тау жыныстарының қасиеттерін модельдеу» тақырыбы бойынша баяндады. Ол ұңғымаларды бұрғылау кезінде мәселені шешу үшін ақпарат маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты кешенді геологиялық-геофизикалық және технологиялық зерттеулер нәтижелері бойынша тау жыныстарының қасиеттерін модельдеу ұсынылады. Игеру объектісі болып табылатын кеуекті тау жынысы егжей-тегжейлі сипатталу керек.

Сондай-ақ, «Көлденең бүйірлік ұңғымаларға сұйықтық ағынының есебін шешудегі геологиялық-математикалық модельдеу (Каламкас кенорны мысалында)», «Шығыс Үстірттің мұнай-газдылығының келешегі» тақырыптары бойынша «КМГ Инжиниринг КазНИПИмунайгаз» ЖШС Геология және геофизика бойынша басқарушы директоры Б.Нугманов, Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, «Геология» кафедрасының меңгерушісі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, доцент А. Кушаков баяндама жасады.

-Конференция барысында барша қатысушылармен сұрақтар қойылып, қызу талқылаулар жасалды. Жоғарыда аталған тақырып бойынша конференция біздің университетте жыл сайын өткізіледі және мұнай-газ ісі саласындағы ең маңызды мәселелерді көтеретін дәстүрге айналды, дейді «Мұнайгаз инжиниринг» кафедрасының доценті  Р.Баямирова.