Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданында селден зардап шеккен тұрғындармен кездесті

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нөсерлете жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандарында су тасқыны орын алып, бірқатар ауылдар зардап шекті. Ең көп зардап шеккен Төлеби ауданы болып отыр.

Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданында селден зардап шеккен тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесті. Ауданда күні кеше толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен өзендердің су деңгейі көтерілген. Арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 215 тұрғын үйлердің ауласына су кірді.

«Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар көмекке келіп жатыр» деді Өмірзақ Естайұлы аудан тұрғындарымен кездесуінде.

Сондай-ақ облыс әкімі жедел құрылған штаб отырысын өткізді. Ауданда зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету, қауіпсіз жерге көшірілгендерді қажетті заттармен, ыстық тамақ, киім-кешекпен қатамасыз ету, барлық жағдайларын жасау аудан әкімдігіне жүктелді. Көрші аудандар көмекке келетін болады. Құлайын деп тұрған үйлерден мүліктерді шығаруға да көмектесу қажет. Келтірілген залалды қысқа мерзімде қалпына келтіру де басты міндеттердің бірі ретінде айтылды. Жедел құрылған облыстық штабты басқару облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевке жүктелді.

 

Түркістан облысы