Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Абай айлағы теңізге аттанады

417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Зенит» зауыты Қазақстан әскери теңіз күштері үшін Каспий теңізіндегі шекара күзетіне арналған маневрлік тұрақ пунктін суға түсірді. Биыл 175 жылдығы аталып отырған ұлы қазақ ақынының есімін иеленген жылжымалы айлақ – елімізде бұл бағытта жасалған тұңғыш техника.

Абай айлағы теңізге аттанады

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Бұл оралдық «Зениттің» конвейерінде жасалған отыз бірінші теңіз нысаны. Маневрлік тұрақ пункті – стационарлық айлақтардан, негізгі орталықтан алыс жерде қызмет етуші шекара кемелері мен күзет катерлеріне өте қажетті көмекші құрал. Ұзындығы 50, ені 10 метрлік жылжымалы айлақтың қызметін бір мезгілде екі үлкен кеме, екі шағын шекара катері пайдалана алады. Яғни, бұдан былай еліміздің оңтүстік теңіз шекарасында жүрген күзет кемелері жанармай, су, тамақ қорын толтыру үшін негізгі базаға ұзақ жол шекпейді. Оның бәрі «Абай» есімін иеленген маневрлік тұрақ пунктінің көмегімен атқарылады. Жылжымалы айлақ негізінен Маңғыстау облысындағы Құрық елді мекенінің маңында орналаспақ. Арнайы алмалы-салмалы аппарель көпір арқылы жағамен жалғасып, жанармай және азық-түлік қорын толықтырып отырады. 10 күнге дейін автономды жүре алады. Табиғаттың қолайлы кезеңінде ашық теңізге де шыға алатын жылжымалы айлақтың қызметін теңізшілер де өте жоғары бағалап отыр.

123

- «Зенит» зауытының өнімдері біздің шекара қызметінде өте жоғары бағаланады. Бұл кемелердің сапасы жоғары, жүрдек, өте ыңғайлы. Оралда жасалған кемелер мен катерлердің көмегімен биылғы төрт ай ішінде еліміздің теңіз шекарасын бұзған 41 құқықбұзушыны қолға түсіріп, 1 млрд теңгеден астам шығынды өндіріп алдық. Бүгінгі маневрлік тұрақ пункті біздің кемелердің жұмысын одан әрі жақсартып, автономдығын күшейтетін болды, – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймұрзин.

«Зенит» зауытының әр кемесін суға түсіру салтанатына бұрын халық көп жиналып, ерекше той болушы еді. Карантин кесірінен қала халқы келе алмаса да, зауыт ұжымы бұл күнді атаусыз қалдырмады. Бірнеше жұмысшы еліміздің Шекара қызметінің алғыс хатына ие болды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те зауытты соңғы 30 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Вячеслав Уәлиевке, зауыт ұжымына еселі еңбегі үшін алғыс айтты.

123

- Судағы сыйымдылығы 500 тоннадан астам маневрлік тұрақ пунктін пайдалануға беру – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға арналған үлкен жұмыс. «Зенит» зауыты жылдан жылға тәжірибесі молайып, күрделі техникаларды жасап келеді. Елімізде тұңғыш рет жасалып отырған жылжымалы айлақ құрылысы үшін зауыт ұжымын құттықтаймын. Сондай-ақ зауытты мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз еткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысына, «ҚазақстанИнжиниринг» компаниясы басшыларына алғыс білдіремін. Біздің Орал қаласында тек «Зенит» емес, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Гидроприбор» зауыттары да мемлекеттік тапсырыс алып, қорғаныс бағытындағы өнімдерді шығарып отыр. Өңір экономикасы үшін бұл үлкен көмек. Бүгінде «Зенит» зауытында 900-дей жұмысшы қызмет етеді. Мен зауыт жұмысшыларының саны бұрынғы кездегідей 4,5 мың адамға жетіп, өсіп-өркендеуін тілеймін, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

Жылжымалы айлақты суға түсіру салтанатынан кейін біз оның жаңа қожайынын әңгімеге тарттық.

- Қазақстан әскери теңіз күштерінің негізгі базасы Атырау, Баутино және Ақтау қалаларында орналасқан. Ал біздің теңіз шекарамыз өте үлкен, әсіресе оңтүстік жағалауда біздің кемелерге қызмет көрсететін айлақ жоқ. Сондықтан олар жанармай, азық-түлік қорын толтыру үшін 200 милл жол жүріп, негізгі базаға келетін еді. Мысалы біздің катерлер Құрық пен Баутино арасына 10 сағат жүрер еді. Енді уақыт үнемделеді, түрлі оқиғаларда жедел әрекет етуге мүмкіндік туады. Біздің кемелердің дербес қызмет ету мүмкіндігі молаяды. Қауіпсіз тоқтап тұра алады. Сондықтан бұл маневрлік тұрақ пункті біздің қызметімізге өте маңызды құрал болды, - дейді Шекара қызметінің Теңіз басқармасының бастығы, 1 рангалы капитан Сабыр Хасанов.

123

Айта кетейік, дәл қазір оралдық «Зенит» зауытының конвейерінде судағы сыйымдылығы 70 тонналық «Айбар» кемесі және 2 дана «Қайсар» жүрдек катері жасалып жатыр. Зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Виктор Подхватилиннің айтуынша судағы сыйымыдылығы 750 тонналық алып кеме құрастыру жобасы талқыланып жатыр екен. Егер мемлекет тапсырыс берілсе, ол 2021 жылы қолға алынбақ. 

12

...Ал бүгінгі «Абай» жылжымалы айлағы Шаған өзенінде бірнеше күн сынақтан өтіп, Жайық өзені арқылы Атырауға, одан әрі Баутино айлағына жеткізіледі. Сол жерде толық жабдықталып, қорытынды сынақтан өткен соң Қазақстан Қарулы Күштерінің қарамағына берілмек.

123

 

 

Батыс Қазақстан