Қоғам • 14 Мамыр, 2020

Жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа орналасу үшін қайда жүгіну керек?

1118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында 15 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа орналасу үшін қайда жүгіну керек?

Президент тапсырмасы бойынша, елордада «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-21» инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру басталды.

«Жоба аясында біз 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 600-ден астам адам жұмысқа тұрады. Бүгінде жұмыспен қамту орталығы келесі алгоритм бойынша жұмыс істейді: орталық қажетті білікті мамандарды іріктейді және оларды жұмыс берушілермен сұқбатқа жібереді», – дейді «Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысы Бақытбек Қабжанов.

Орталық басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында машина операторлары мен жүк көліктері жүргізушілері мамандықтары сұранысқа ие екенін атап өтті. Бүгінде жол картасы аясында жалақы мөлшері – 85 мың теңге және одан да жоғары. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 1 500 адам жұмысқа орналасты.

«Бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет, орталықта осы мәселе бойынша жедел штаб бар. Біз Бейбітшілік көшесі 25 үйде орналасқан «Өркен» бизнес орталығында қызмет көрсетеміз. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көлік инфрақұрылымы, сондай-ақ елді-мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырамыз», - деп түйіндеді Б.Қабжанов.

Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 117 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде әлеуметтік салаға – «Жастар» сарайын күрделі жөндеу, Бейбітшілік және келісім сарайын ағымдағы жөндеу, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларды жөндеу жатады. Тағы бір ірі бағыт – аула аумақтарын, саябақтар мен скверлерді абаттандыру. Инженерлік-көлік инфрақұрылымына жолдарды жаңғырту және салу жатады. ТКШ саласында оңалту орталығының құрылысы, 600 орындық мектеп құрылысы бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.