Экология • 15 Мамыр, 2020

Қырық жылдан кейін қайталанған сел

524 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ауыл аман. Адам шығыны жоқ. Суға кеткен оншақты малдың орны толар. Дегенмен кешегі нөсер жауын көпшілікті үрейлендіріп, көңілге қорқыныш ұялатқаны анық. Мұндай тасқын суды соңғы қырық жылда көрмеген қасқасулықтар бүгінде ертеңгі күннің қамын жасауда.

Қырық жылдан кейін қайталанған сел

Иә, сәрсенбі күні түс ауа нөсер­лете жауған жаңбыр әп-сәтте Тө­леби ауданы Жоғарғы Қасқа­су ауылын әбігерге салды. Арна­сы тола аққан асау арынды Қас­қасу өзені жолындағы тас-то­пырақты, жиегіндегі бірен-саран тал-теректі қопара көпірге кеп­теді. Мұндай екпінге көп шыдас бермеген көпір қирап, тас-темірі су ағынына ілесе кет­кен. Таудан құлай ағатын өзен суы кешегі сылдыры мен сұлу­лы­ғын мүлде жоғалтқан, түсі суық та гүрілі үрейлі.

Осы бір көрініс бала кездегі бір оқи­ғаны көз алдыма қайта әкел­ген-ді. Дәл осындай су тас­қы­ны орын алған сол жылы 4-5 жас­­тағы ойын баласы едік. Тас­қын су бір жылқыны ағызып әке­ліп, осы көпірге тіреген. Ауыл­­дағы ересек атаулы сол жыл­­қы­­ны құтқарудың қамында. Өзен суы­ның арнасы то­­лып, жаға­­ны ала бастаған. Үл­кен­­дермен жаға­ласып көпірге жет­­кенмін. Ер аза­маттардың бірі жыл­­қы­ның жа­­лы­на жармасып, енді бірі құй­ры­ғынан ұстаған. «Құ­­ла­­­ғына су кетіп қалмасын, су кір­­се, құт­­қа­ру қиын», деп жантала­са жыл­­­қы­ға жақындаған анам­ды бай­­қап қал­дым. Анамыз қару­лы кісі еді, жыл­­қының қамыс құ­ла­ғын қос қол­дай ұстап, еркек­терге көмек­те­се бастады. Көп­шілік әупірімдеп жүріп жылқыны құтқарып алды.

Ал көпірді су шайып кетті. Сол оқиға, жылқының мұңды жанары күні кеше көз алдыма қайта оралды. Иә, 40 жылдан астам уақыт өте тағы орын алған тасқын су Қасқасу өзені бойындағы 4 көпірді шайып кетті. Сегіз ірі қара және уақ мал суға батқан. Оқиға орнына аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен құ­рылған жұмыс тобы келіп ауыл тұр­ғындарына көмектесуде. «Жоғарғы Қас­қасу ауылында 800-ге жуық халық 150 отбасы тұрады. Тасқын судан үй­лерге зақым келген жоқ. Тұрғындарға кө­мек көрсетіле бастады. Айта кеткен жөн, ауда­н әкімі Бауыржан Омарбековтің бас­тама­сымен бұған дейін қашыртқылар жасалып, арықтар қазылған болатын. Соның да көмегі бүгін тиіп отыр, әйтпесе тасқын су тұрғындарға көп залал келтіруі мүмкін еді», дейді Қасқасу ауыл округінің әкімі Талғат Қамытбеков. Қазіргі таңда ауыл қалыпты тіршілігін жалғастыруда, судан келер қауіп жоқ.

Нөсерлете жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысының Төлеби, Қа­зығұрт, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек аудандарында су тасқыны орын алып, бірқатар ауыл зардап шекті. Ең көп зардап шеккен Төлеби ауданы болып отыр. Осы орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралап, тұр­ғын­дармен кездесті. Толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан су 6 елді мекендегі 215 тұрғын үйдің ауласына кір­ген. «Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар көмекке келеді», деді Өмірзақ Естайұлы ауда­н тұрғындарымен кез­десуінде. Сондай-ақ облыс әкімі жедел құрылған штаб отырысын өткізді. Ауданда зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету, қауіпсіз жерге көшірілгендерді қажетті заттармен, ыстық тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз ету, барлық жағдайларын жасау аудан әкімдігіне жүктелді. Көрші аудандар көмекке келетін болады. Қа­жетті материалдар, жұмыс күші, техни­камен қамтамасыз ету, құлайын деп тұр­ған үйлерден мүліктерді шығару да мін­деттелді. Жедел құрылған штабты басқару облыс әкімінің орынбасары Мейір­жан Мырзалиевке жүктелді. Нөсер жауыннан үйлері бүлінген азамат­тардың шығыны арнайы сараптау комис­сиясының шешімімен анықталады. Жа­рамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін баспаналарды қайта қалпына келтіру жағы қарастырылуда. «Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың салдарын өз күшімізбен жоямыз. Оған тәжірибеміз жеткілікті. Сел салдарымен күресте Мақтаарал тәжірибесін пай­да­ланамыз. Су шайған аумақтар сек­торға бөлінген. Оларға көмекке келген аудан­дардың басшылары жауапты. Жұмы­лып төтенше жағдайды еңсеруге бар­лық мүм­кіншілік бар», деді облыс әкімі төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысында.

Аудандағы Екпінді ауылының 4 же­ке тұрғын үйіне және 15 үйдің аула­сы­на су кірген. Достық ауылын су ала бас­­­­тағандықтан, тұрғындар эвакуа­ция­ланған. Леңгір қаласындағы Т.Тәжі­баев атындағы мектеп пен Киелі тас ауы­лындағы Сұлтан Рабат мектебінде эва­куациялық орталықтар құрылды. Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, ең күрделі жағдай Сұлтанрабат елді мекенінде қалыптасқан. Ауылдың Сауран көшесінде және Достық елді мекеніндегі Жылқыбаев көшесінде нө­серлі жаңбырдың суы жалпы жиыны     77 тұрғын үйдің ауласына кірген. Оқиға орнына ТЖД-нің 82 қызметкері, 8 дана техникасы, 11 мотопомпа және жергілікті аудан ауыл әкімдіктерінен 25 қызметкер, 4 дана техника күші жұмылдырылды. Ал аудан орталығы Леңгір қаласында 20 аула су астында қалған. Леңгірдегі №5 кәсіби-техникалық колледж базасында зардап шеккен Сұлтан рабат ауылының 150 тұрғынына эвакуациялық пункт ұйым­­дастырылды. Ол жерге 70 адам жай­­­ғастырылды. Тағы 80 адам жақын маң­дағы туыстарының үйіне орналасқан. Қосымша Көксәйек елді мекенінде орна­ласқан №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт дайындалды. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қаупі жоқ. Аудан орталығы тұрғындарының айтуынша, мұндай сел сонау 1968 жылы болған. Сол кезде тас­қын сулардан қорғану мақсатында арнайы каналдар қазылған. Алайда ол каналдар бертініректе бітеліп, тұрғын үйлер салынып кеткен. Сондай-ақ тұрғындар тасқын судың қала көшелеріне кіруіне арық-атыздардың тазаланбауы да себеп болғанын айтуда. Көшелердің бойындағы екі жақтама арықтар бітеліп қалған. Яғни кешегі судың үйлердің аула­сына кіргеніне тұрғындар өздерін де кінәлі санап отыр.

Нөсерлі жауын салдарынан Түркістан облысының тағы үш ауданында тұрғын үй аулаларын су басты. Қазығұрт ауда­ны әкімдігінің мәліметінше, кешкі сағат 19:30 шамасында өрт сөндіру бөлі­мінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауылдық округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен. Аудан әкімдігінің хабарлауын­ша, оқиға орнына Қазығұрт ауданы Тө­тенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер ке­зінде шығып, Алтынтөбе ауылдық округі мен Қаржан елді мекенінде 2-үй, емхана, дәріхана, 2-қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал Жігерген ауылдық округі бо­йын­ша 30 үйдің аула­сына су кіргені және 4 қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4 үй, мешіттің ауласына су кіргені анық­талған. Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты елді мекен­дегі 27 отбасының 133 адамы Көкі­бел мек­тебіне эвакуацияланып, азық-түлік­пен, медициналық жабдықтармен қам­тамасыз етілген. Оқиға орнында өрт сөн­діру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6 техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізді. Апат­тан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде. Сондай-ақ арықтарды тазалау жұмыстарды жүргізілуде.

Ал Сайрам ауданында нɵсерлi жауын-шашынның салдарынан Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы 7 үйдің ауласына су жиналған. Аудан әкімдігі, ТЖБ басшылығы мен ауыл əкiм­дерi тарапынан дер кезінде тиісті алдын алу шаралары қабылданып, су сорғыш мотопомпаларымен үй-ауласындағы су сорылды. Cонымен қатар Бәйдібек ауда­нында да жауын-шашын салдарынан су тасқыны болды. Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекенінде Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауыл­ды су басқан. Аудан әкімдігінің мәлі­ме­тінше, 2 қора құлаған. Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылында 6 үйдің ауласына су кірген. Төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақ­бастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мек­тебіндегі эвакуациялық пунктке орналас­тырылды.

Жалпы, Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудан­­дарында 4 үйді су басып, 522 үйдің ауласына су кірген, 258 адам қауіпсіз жер­ге көшірілген. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника 47 мотопомпа жұмылдырылды.

 

Түркістан облысы