БАҚ арқылы тараған: «Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режімі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Енді еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жандана бастайды. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады» деген сөздер алпыс күн бойы төрт қабырғаға қамалған халықтың көңіліндегі тұман мен күмәнды серпіп тастады. Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның енді экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі комиссия болып қайта құрылуы – көптің көңілінен шыққан өте тапқыр, аса ақылды, парасатты шешім.
Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды мәжілісінде: «Әйтсе де көптеген шектеу алынып тасталғанына қарамастан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстану маңызды болып қала бермек. Атап айтқанда, шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс», деп қадап айтылды. Бұл да халықтың ойын дөп басқан өте орынды, парасатты шешім.
Тағы бір жан сүйсінткен жақсы хабар – Мемлекет басшысы «5-10-20» жаңа тұрғын үй жобасы қабылданатынын жеткізді. Бұл басты уайымы баспана болған талайлардың арманы орындалып, бағы жанады деген сөз!
Барлық қажетті шараларды дер кезінде шұғыл жасап, аса қатерлі дерттің алдын алған Президент бұл жолы да өзіне тән салиқалылықпен көптің көңілінен шыққан парасатты шешім қабылдады.
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы