Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Вокзалға тек билеті бар жолаушылар ғана кіреді

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап Қазақстанның ішкі бағыттарына темір жол билеттерін сату басталады. 1 маусымнан бастап ішкі темір жол қатынасы кезең-кезеңмен қалпына келтіріледі.

Вокзалға тек билеті бар жолаушылар ғана кіреді

Осыған байланысты Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде Көліктегі бас мем­лекеттік санитарлық дәрігер Сәдуа­қас Байғабылов түсініктеме берді.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер пойыздарда негізгі санитарлық-карантиндік шараларды белгілейтін қаулыға қол қойды. Қаулы тасымалдаушылар жұмысына ғана қатысты емес. С.Байғабыловтың айтуынша, онда вокзал әкімшілігі, тасымалдау саласындағы кәсіпорындар мен көлікке қызмет көрсету ұйымдары қамтамасыз етуі тиіс басты шаралар да айқындалған. «Вокзал ғимаратына тек билеті бар жолаушылар ғана кіргізіледі. Жолаушылар маска тағуға, ал жолсеріктер бетпердемен қоса қолғап киюге міндетті. Ғимаратқа кіруден бұрын термометрия жүргізіледі. Шығарып салушылар вокзал ғимаратына кіре алмайды, туысқандарымен сыртта қоштасуы тиіс. Вокзал кіреберісінде барлық адамға термометрия жүргізіледі», деді ол.

Темір жол вокзалдары жұмысын жандандыру мен вагондардың қозғалысын қамтамасыз ету алдында кондиционерлеу жүйесі толық тексеріліп, фильтрлер ауыстырылады. «Пойыздарда дезинфекциялық режімді күшейту маңызды талаптардың бірі. Сондай-ақ пойыз бригадалары, қызметкерлер маскамен жүруі керек. Вагондар арасында жолаушылардың қозғалысына шектеу қойылады. Жолаушыларды отырғызу билет пен орналастыру орындарының болуына қарай жүзеге асады. Адамдарды орындарына отырғызу бойынша қосымша талаптар ескерілмеген. Купе және плацкарт вагондарында тек билеттер бойынша отырғызылады», деді Көліктегі бас мемлекеттік санитар.

Пойыз жүргеннен кейін жол­серіктер жолаушыларға анкета таратады. Вокзал мен пойыздарда жұмыс істейтін қызметкерлер әр ауысым алдында медициналық тексерістен өтеді. Сәдуақас Байғабылов егер жағдай тұрақталса, бұл шаралар кезең-кезеңмен жеңілдетілетінін атап өтті. Айтпақшы сапар барысында жолаушыларға өздерімен бірге тамақ алуға рұқсат беріледі.