Экономика • 15 Мамыр, 2020

«Азия Автомен» келісімді үзді

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөлік құрастырушы «Азия Авто», «Азия Авто Қазақстан» компанияларымен арадағы келісімді үзгені туралы ақпарат тараған болатын. «Азия Авто Қазақстанның» басшысы Е.Мандиев бұл шешім холдингті тығырыққа тірегенін, онсыз да пандемияға байланысты қиын кезеңде мыңдаған адам жұмыс­сыз қалатынын айтып қынжылыс білдірген. Кеше сала­лық министрліктің баспасөз қызметі жағдайдың неліктен бұлай өрбігені жан-жақты баяндалған хабар таратты. Онда айтыл­ғандай, келісімді бұзуға кәсіпорындардың тиісті міндеттемелерді орындамағаны себеп болған.

«Азия Автомен» келісімді үзді

Елімізде моторлы көлік құрал­дарын құрастыру туралы келісім Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технология­лар министрінің 2010 жылдың 11 маусымындағы тиісті бұйрығы бо­йынша жасалады. Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңестің «Кеден одағына мүше мемлекеттер мен Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік аумағында «моторлы көлік құ­ралдарын өнеркәсіптік құрастыру» ұғымын қолдану шарттары туралы» 2014 жылғы 29 мамырдағы №72 шешіміне сәйкес Министрлік 10 кәсіпорынмен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру жөнінде 19 келісім жасаған.

– Кәсіпорындар келісім аясында көлік құралдарын балқытып біріктіру, бояу және құрастыру бойынша технологияларды игеру және оқшауландыруды ұлғайту туралы өздеріне міндеттемелер алды. «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындары келі­сім бойынша өнеркәсіптік құрас­тыру туралы міндеттемелерін орындамады. Ал өзге кәсіпорындар шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жаб­дық­тарды іске қосу жөніндегі міндет­темелерін кестеге сай орындады,– делінген министрлік хабарламасында.

«Азия Авто» АҚ 2002 жылғы 20 желтоқсанда құрылған. Содан бергі аралықта ол еліміздің заңнамасына сәйкес қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылды. Басқа да мемлекеттік жеңіл­діктерді алып келді. Келісім­дер бо­йынша өнеркәсіптік құрастыру туралы міндеттемелер алған отандық кәсіпорындардың барлығына мем­лекеттік қолдау көрсетілді.

 Міндеттемелерді жүзеге асыруға дайын болмай шыққандықтан, оның мерзімін ұзарту мақсатында 2017 жылдың басында «Азия Авто» АҚ мен «Азия Авто Қазақстан» АҚ моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімге қол қою туралы министрлікке өтініш білдіріпті. Сөйтіп министрлікпен арада құжат мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқ­сан­ға дейін ұзартуға мүмкіндік бере­тін көпжақты келісімге қол қойыл­ды. Оған сәйкес, әр күнтізбелік жылдың 1 сәуіріне дейін өндіруші жоспардың орындалғаны туралы уәкілетті органға кесте ұсынуға міндетті болған. Алайда «Азия Авто» 10 жылдай уақыт бұрын алған міндеттемелерін кезекті рет орындамағаны расталды. 

– Дей тұрғанмен, өнеркәсіптік құра­стыру туралы келісімді бұзу кейбір БАҚ пен әлеуметтік желі­лерде жазылып жатқандай, кәсіп­орынның жұмысын тоқтату деген­ді білдірмейді. «Азия Авто» АҚ ком­паниясы көлік құралдары өндірі­сін жалғастыруға, «Азия Авто Қазақ­стан» АҚ зауыт құрылысын жал­ғас­тыруға толықтай құқылы. Министр­лік өз кезегінде көрсетілген міндет­темелер орындалғаннан кейін келі­сім жасап, жеңілдіктер ұсыну мүм­кін­дігін қарастыруға дайын, – делін­ген министрлік хабарламасында.

Министрліктің машина жасау басқармасының бастығы Ержан Иманслям да БАҚ-тарға осы мәселе­нің мән-жайын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, келісімді үзудің жалғыз себебі – кәсіпорындардың тиісті талаптарды, яғни көлік шана­ғын дәнекерлеу және бояу цехын ашу туралы талапты орын­дамағаны. Басқа астары жоқ.

Жоғарыда біз «Азия Авто Қазақ­станның» басшысы Е.Мандиевтің зауытта жұмыс істейтін мыңдаған адам­ның жұмыссыз қалатыны туралы қынжылысын айтқан едік. Ержан Иманслямнің сөзіне қара­ғанда, министрліктің келісімді үзуі мен зауыттың жабылуының арасын­да байланыс жоқ.

– Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімі жоқ басқа да кәсіп­орын­дар бар, бірақ олар соған қара­мастан өндіріспен айналысып жатыр. Біз келісімді үзгеннен кейін де зауыт жабылмайды, бағасы көтерілуі мүмкін. Монополия болмай­ды, себебі Қостанайдағы «СарыарқаАвтопром» мен Алматы­дағы «Hyundai» да жеңіл автокөлік шығарады, – дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар